Елордаға Ұлы дала қолөнершілерінің керуені келіп жетті.
Дәстүрлі өнерді жаңғыртушылар үш күн бойы жәрмеңке өткізеді. Онда ұлттық нақыштағы бірегей бұйымдар ұсынылып, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Жәрмеңке келем деушілерді сағат 9.00-дан кешкі 8-ге дейін Астана мол сауда орталығында күтеді.
«Өнер тамған он саусақ — үзілмейтін ырысың» дейді дана халқымыз. Қолөнерші Азиза Арзымбетова жүннен әсем бұйымдар жасап шығарады. Шикізатты жергілікті кәсіпорын жеткізіп береді. Айтуынша күзем жүн бойды жылытып қана қоймай, денсаулыққа да пайдасын тигізеді. Оған әсіресе қыс мезгілінде сұраныс көп.
Азиза Арзымбетова, қолөнерші /Қызылорда облысы/:
- Бұның басылуы өте жеңіл болады. Қазақ киізді осы күзем жүннен жасайды. Негізі бала кезімізден тоқитынбыз, бау тоқитынбыз. Кілем тоқытатын аналарымыз оқу ойдан артық емес деп. Соның ізімен енді зейнетке шыққаныма он жылдан асып кетті. 14 жыл болды киіз, жүн өнімімен айналысып жүргеніме.
Манат Өтепбергенова — қолөнерші /Қызылорда облысы/:
- Әжеміз біреуі кілемші болған атақты, біреуі тігінші болған. Әрі қарай жалғастырып артымыздан қалған ұрпақтарға үйретіп кетсек біз үшін бір төбе.
Тұрғындар көне мәдениет кеңістігін таңмен таласа қызықтап жүр. Бірі ұлттық киім киіп көрсе, енді бірі киіз өнімдерін таңдауда.
Ғабдолла Досмағанбетов, қала тұрғыны:
- Немеремнің аяғына киетін байпақ сатып алдым қазір күн суып келе жатыр аяғы тоңып қалмасын деп кигізіп қояйын деп жатқаным ғой.
Тамыры тереңге жайылған ұлттық өнер ұрпақтан ұрпаққа дәріптелуі керек. Шеберлер бірегей бұйымдарын жер-жерден арқалап келіп, өнердің жандануына үлес қосып жүр, — дейді ұйымдастырушылар.
Зиуар Жұманова, «Хас шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығының президенті:
- Өзіміздің отандық өнімімізді көрсеткіміз келеді. Бұл жерде жүзге жуық қатысушылар бар. Әрбір өңірден келді. Ертең шеберлік сабақ болады жүннен. Панно жасаймыз соны Ұлттық музейге тапсырмақшымыз. Осында келген әрбір қолөнершіге басымды иіп, алғысымды білдіремін. Шынайы ниетімен тәуелсіздік күніне өздері белсене атсалып ниеттерін білдірді.
Жәрмеңке аясында ерекше балалардың қатысуымен отандық дизайнерлердің сән көрсетілімі өтті. Қонақтар үшін этномәдени бағдарлама мен авторлық туындылар таныстырылды.
Рухани Әбдірахман