Руслан Мәдиев пен Хорхе Баталья салмақ өлшеуден сәтті өтті. Екеуі де 63,5 келіні көрсетті. Қос боксшы бүгін Испанияда қолғап түйістіреді. Кәсіпқой бокс кеші Льорет де Мар қаласында болады .
Руслан бүгінге дейін 19 кездесу өткізіп, 17-сінде жеңіске жетті. Ал мексикалық қарсыласының көрсеткіші 16 жекпе-жек, 11 жеңіс. Руслан мен Хорхе арасындағы айқас басты картқа қосылды және 10 раундқа жоспарланып отыр. Мадиевтің алдыңғы жекпе-жегі ақпанда Бангкокта өткен болатын. Ол жерде отандасымыз филиппиндік Али Канеганы төрешілердің шешімімен ұтып, өзіне тиесілі WBA Asia чемпиондық белдігін сәтті қорғады.
Руслан Мәдиев, кәсіпқой боксшы:
- Дайындығымыз өте керемет. Салмақ өлшеу рәсімі ойдағыдай өтті. Енді кәсіпқой рингте жақсы өнер көрсетіп, өз жанкүйерлерімді кезекті рет қуантқым келеді.