Ән сұлтаны атанған сазгер Әбілахат Еспаевтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Алматыда композиторды еске алу кеші өтті.

Шараға тау тұлғаның көзін көрген азаматтар, мәдениет қайраткерлері және қызы Гүлсім Әбілахатқызы қатысты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманәлінің айтуынша, Еспаев мұрасы енді тұрақты түрде дәріптеледі. Талантты сазгер ұстаздардың әнұранына айналған «Ұстазым менің, ұстазым» әнін 35 жасында жазған екен. Одан бөлек, «Әлі есімде», «Қайдасыңдар, достарым», «Маржан қыз», «Жайық қызы» және «Ақсәуле» сынды әндері тыңдарманның жүрегінен орын алды.

Айта кетейік, Әбілахат Еспаев 240-қа жуық ән мен романстың авторы. Сондай-ақ сегіз спектакльге арналған әуезді музыка жазған. «Ән сұлтаны – Әбілахат» атты ерекше сурет көрмесінде сазгердің өмір жолы мен шығармашылығынан сыр шертетін архивтік фотолар қойылды.

Қалдыбек Құрманәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Мұрагері Гүлсім Әбілахатқызымен бірге осы болашақта фотоальбомдарын шығару, оның кештерін тұрақты өткізу, деректі фильм де түсіру сияқты Еспаевтың өміріне байланысты қамтитын шаруалар өте көп. Соның бастамасы ретінде жұмыс істеп жатырмыз.

Гүлсім Әбілахатқызы, Әбілахат Еспаевтың қызы:

- Республика сарайында да адам толы болып, жақсы концерт өтті. Біраз ұмытып қалған әндерді, орындалмай жүрген әндерін қайтадан жаңартып, қайтадан аранжировка жасап, сол өлеңдерді орындады.