Дархан Әскентай төбелеске Шерзат Полаттың әкесін кінәлады.
Шерзат Полаттың қазасына байланысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентай сөз сөйледі.
Ол Шерзат Полаттың өліміне оның әкесі Қаржаубай Нұрымовты дәл өзі сияқты кінәлі деп санайды.
"Шерзаттың жатқан жері жайлы болсын, жақындарының қайғысына ортақпын. Құрметті сот, менің сол жерде болғаным және досыма хабарласқаным рас. Мен Нұрбол досымды ұрып-соғу үшін болмаса кек алу мақсатында шақырған жоқпын. Видеоматериалды қарасаңыз, мен ешкімге қол көтермедім, теппедім және қолымда пышақ болмады. Мен досым Нұрболды шақырғаныма өкінемін. Аяқасты төбелес болып кетеді деп ойламадым. Осы оқиғаға себепкер болған жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов бірінші болып Шерзатқа мен туралы жалған ақпарат беріп, балалар келгенде пышақ шығарып агрессия танытпағанда және Шерзат келгендердің бірін ұрмағанда, төбелес болмаушы еді. Бұл жерде ерегіс бастаған және адамдар тобын құрған, қару дайындаған Қаржаубайға маған тағайындалған ҚР ҚК 293- бабы бойынша жаза тағайындауыңызды сұраймын", – деді сотталушы.
Оқи отырыңыз: Шерзат Полаттың ісі: Мемлекеттік айыптаушы Абзал Шынасылды 23 жылға, ал Равиль Сакиевті 20 жылға соттауды сұрады
Айта кетейік, Дархан Әскентайды прокурор ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі (Бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан көз жұмды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.
21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Қылмыстық істің көлемі – 62 том.