Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,2%-ға артты.

Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6%-ға өскен, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, мұндай нәтижеге өнеркәсіп пен құрылыс салаларынан бастап сауда, көлік және байланысқа дейінгі негізгі салалардағы өсім қарқынының жеделдеуі ықпал етті.

"Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға артты. Елдің 17 өңірінде өсім байқалды: ең жоғары өсім +22,9% көрсеткішімен кен өндіру, тыңайтқыштар, портландцемент пен қант өндірісінің белсенді дамуының нәтижесінде Жамбыл облысында тіркелді. Түркістан және Жетісу облыстарында өндіріс 14,8%-ға, Алматы қаласында 14,1%-ға өсті. Шымкент қаласында өсім 18,9%-ға жетті. Ауыл шаруашылығындағы өсім 4,0% болды (қаңтар-сәуір айларындағы 3,9%-бен салыстырғанда). Ең айқын өсім Атырау облысында (+10,4%), Солтүстік Қазақстан облысында (+7,5%) және Ақмола облысында (+6,5%) тіркелді, бұл негізінен мал мен құс сойымының артуы есебінен болды. Түркістан облысында өсім 6,3%-ды, Абай облысында – 3,6%-ды, ал Қостанай облысында – 4,8% болды", – делінген хабарламада.

Құрылыс саласы қарқынды дамып келеді, 15,4%-ға өсті. 18 өңірде өсім тіркелді, ал Маңғыстау облысында мектептер, тұщытқыш зауыт, мұнай және су құбырларын қайта жаңарту, аудандық аурухана және автожолдарды жөндеу сияқты ауқымды жобалардың арқасында жұмыс көлемі екі есеге артты. Қызылорда облысында өсім 64,5%-ды, Қостанайда – 57,8%-ды, Астанада – 51,8%-ды, Түркістан облысында – 46,6%-ды құрады. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді: бес айдың ішінде 6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Ең белсенді құрылыс Түркістан облысында (+25,5%), Шымкент қаласында (+23,4%) және Алматы облысында (+20,4%) байқалды.


Оқи отырыңыз: Қазақстан халқы 2050 жылға қарай 24,3 млн адамға дейін өседі – БҰҰДБ болжамы


"Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,2%-ға артты. Бұл өсім көлік, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымға, сондай-ақ жабдықтар мен жаңа өнеркәсіптік нысандарға бағытталған қаржы салымдарының есебінен қамтамасыз етілді. Сауда айналымы 7,8%-ға артты (қаңтар-сәуір айының қорытындысындағы 7,0%-бен салыстырғанда). Ішкі сауда құрылымында көтерме сауданың үлесі шамамен 68%-ды құрайды. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында көтерме сауда 8,3%-ға, бөлшек сауда 6,5%-ға өсті. Өсім қарқыны бойынша Түркістан облысы (+66,2%), Ақмола облысы (+48,9%) және Шымкент қаласы (+23,1%) алдыңғы қатарда. Байланыс және телекоммуникация саласы 2,8%-ға өсті. Бұл Интернет желісі қызметтері есебінен (+13,9%)", – делінген хабарламада.

Көлік саласы 23,1%-дық өсім көрсетті — бұл көбінесе жүк теміржол көлігінің (+17%) және құбыр арқылы тасымалдаудың өсуіне байланысты (+13,8%). Ең жоғары өсім Жетісу облысында (+39,1%), Абай облысында (+17,7%) және Ақтөбе облысында (+11,3%) тіркелді.

Үкімет елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі президенттің тапсырмаларының орындалуын жеке бақылауда ұстауды жалғастырып келеді.