Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бақылауды күшейтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сырдария өзені мен өңірдегі өзге де су көздерінде тәулік бойы рейдтік шаралар жүргізілуде. Құтқарушылар жағалау аумақтарын үздіксіз патрульдеп, тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.

Мамандар демалушыларға суға түсу кезінде сақтық шараларын сақтау аса маңызды екенін ескертіп отыр. Әсіресе, жабдықталмаған және рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішіп суға түсу – өмірге тікелей қауіп төндіретіні айтылды.

ТЖД мамандары азаматтарға келесі ережелерді қатаң сақтауға кеңес береді:

  • арнайы белгіленген және құтқару бекеттері бар жерлерде ғана шомылыңыз;

  • балаларды қараусыз қалдырмаңыз;

  • мас күйде суға түспеңіз;

  • ауа райының қолайсыз кезінде суға түспеуге тырысыңыз;

  • үрмелі матрас, камера, резеңке қайықпен тереңге жүзбеңіз.

Судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – өз өміріңіз бен жақындарыңыздың амандығына деген жауапкершілік. Төтенше жағдай орын алған жағдайда бірден «112» нөміріне хабарласу маңызды.