Алматының маңында екі гектер жерді жалға алған төртеу ерте көктемнен қырық қабат екті, бар үмітін соған артты, оның бетіне қараған сайын ақшаның құлағын көрді. Ниеттеріне қарай жайқалып шықты, екі рет ұсақ алақоңыз басты, қытайдан дәрі алдырып оның көзін құртты, суғару үшін қысық көз кәріс жігітіне 100 түп қырық қабат береуге келісті.
Азаннан ашты шыққан күн бүгін бөтенше ысыды, атыз басына үш ағаштың басын қосып тіккен жаппаның іші сиыр түске жетпей өртенді, етегін түріп ылпасын желдетті, тандыр жалыны іспетті аптап ыстық капусталарын қуырып барады, төрт жігіт үнсіз далаға кіріп-шығады. Қатты ыстықта суғарса болмайды.
-Қалың жаңбырдың өзі жақсы екен-ау мына ыстықтан, біз жаурасақта, қырық қабатымыз рахаттанған, – деді Тілеш мұрнынан сөйлей ыржип.
-Ештеңе ете-қоймас, суғара берсек, бір жағы су кешіп өзімізде салқындап қаламыз, — Темірбек жан-жағына қарап әмір ете сөйледі.
-Онда түскі шәйімізді ертелеп ішіп, суғарсақ суғара берейік, қарын тоқ болса ыстық ішке түспейді.
Ораза айы басталып ыстық күндер жалғасты. Іштеріндегі тақуасы Тілеш ораза ұстады, сәресі кезінде бәрі тұрып сәре тамағын бірге ішіп таңғы елең-алаңда қырық қабатты суғаруға кіріседі. Кешкі салқында Тілештен басқасы қырық қабаттарын шынайы бір мейірмен суғарып, күні бойы ыстықта иіріліп өлген жыланша жатады, ұйқылары да келмейді, сөйлеуге шамалары жоқ, тек үнсіз өткен күндері мен капустаны сатып ақшасын бөліп алғаннан соңғы жоспарларын жасайды, іштері толған қырық ой, қазірге бары да нары осы жаман жаппа, бетіне қарағаны қырық қабат.
Алпамыс мұғалім үкіметтен айлық алып, таймас бақ, кетпес қазаннан ас ішіп отырған еді. «Қазақ елі» деген арман оны осында алып келді. Қызы мен ұлы есіне түскенде көңілі алатайдай бұзылды, кеткісі келді. Бірден жетіп барса әйелі мен достарынан ұят.
Елдің алды көше бастағаннан Жеңіс ата-бабамыздың бас сүйегі жатқан ата мекенге барсақ деп туыстары мен әйелімен ақылдасты. Бірақ тусы да, әйелі де бас шайқады, бала-шағамды бағып осында қала берём, барсаң өзің бар деп Жеңіске тізгін-шылбырын бірақ берді.
Темірбек пен Тілеш те ел ауған жаққа қызыр ауады деп әке-шешелерін тыңдамай, бойдақ жігіттер қазақ еліне баруға бел байлаған. Туған жерлері Өртекесті артқа тастап Сарыбұршын кезеңінен асқанда төрт жігіт бір-бірінің бетіне қарап үнсіз тілдесті, Құлжаға келіп бір бөлмеге жайғасты. Түнгі тағам базарында пивалатып, қалаған тағамдарын жеп туған жермен қоштасты, аржақтарын аралаған ащы сумен барлық клеткалары қызмет еткен олар алабұрыл көңілмен «Өлсек бір төбеде, тірі болсақ бір шұңқырда боламыз» деп серттесті, Қазақ жеріне құрмет ретінде шекарадан өткен соң темекі мен арақты толық тастауға уәделесті. Қазақстанға келген соң Темірбек пен Жеңіс темекіні қайтып тауып алды, Алпамыс бұрыннан темекі шекпейді, Тілеш сол қойғаннан темекіге еш жоламады. Төртеуі де сөзінде тұрып пиваға ауыз тигізбеді.
Қоңыраулаған күз де келді, қырық қабатты жинады, үлкен жол бойында сатты, кейінгі кезде төрт жағы бірдей божбан қара, қысық көз, пұшық мұрын, қыз ба келіншек пе бір қараған адам алғашқыда жіп таға алмайтын әйел заты бұлардың капуастасын толайым сатып алып жүрді, ақшасын да қолма-қол берді, төрт жігіттің мықтап сеніміне кірді, сол күні ол үлкен камазбен келіп қалған капусталарын түлгелімен жинатып көлікке тиетті, «ақшасын ертең әкеліп беремін, жігіттер!» деп жымиды. «Бопты, алыңыз» деп елден бұрын сөйледі Алпамыс, Жеңістен басқасы қостай кетті, бұларды көк түтінге көмген өңкиген жүк көлігі ышқына қозғалып көрінбей кетті. Сол кеткеннен мол кеткен ол төбе көрсетпеді.
***
Балталары тасқа тиіп, таулары шағылған төртеу енді Барахолканы қайтадан жағалады.
Әу баста ата жұртта атбасын осы базарға тіреген болатын. Сосын да бұл базар бұларға ыстық. Нар тәуекел деп Қорғас шакара өткеліне келген төртеуі денсаулық жағдайы туралы қағазын қытай сақшысына көрсетіп одан өтті. Кедендік тексерісте көп айланған жоқ, дүңгіршектің алдына келіп көзін ашып-жұмып аз тұрды, деседе сол сәтте туған жерден алыстап бара жатқандарын тағы сезді, қытай қызының тарс еткізіп құжатына басқан тамғасының даусы естіліп, қолына паспорты тиді, кедендік тексеріске келді, онда бар заттарын камераға салып компютерде тексерді, декларация парақшасын толтырып одан да өте шықты. Автобустары дайын тұр екен. Жүк тиеген ұйғыр әйелдер артынып-тартынып өтіп болғанша түс болды. Он минуттай жүріп Қазақстан шекарасына жетті. Көліктен түсісіне саусақтырын шатырлатқан ат жақты ашаң жүзді жігіт «обед» деп саңқ етіп, есікті тарс жапты. Обеді несі?! Тілеш бұл сөзді бірінші рет естіп тұр, қазақша сөз бе әлде басқа тіл ме? Ұйғыр әйелдер мыналар түскі тамақ уақыты дейді, енді екі сағат осында күтеміз деп заттарының үстіне отыра кетті. Араларындағы бірнеше қытайда үнсіз отыр, бәрі үндерін іштеріне тартып тапжылмай екі сағат күтті, есік ашылды, денсаулық қағаздырын көріп бір бірлеп кіргізе бастады. Бастарына өздерінен ернеуі үлкен қазан бас шәпкі киген сақшы толып жүр, әйнек дүңгіршектің алдына келді, іште сап-сары орыс жігіт отыр, бұлардың бетіне бір, құжаттарына бір қарап көк түсті мөрін былш еткізе басып, қолына беріп жатып өтуге ишара жасады.
Соғысқа бұйрық берсе дәл қазір дайын тұрған солдаттар да жүр, аяқтарында ұзын қоныш бәтіңке, жоталарында торсық, белінде гранат, мықындарында жанқұралы жарқылдайды. Алпамыс қорқайын деді, бәрінің түсі суық, бағанағы қытайлар бұларға қарағанда түсі жылы еді, мыналар өн бойынан суық ызғар шашады. Кеденде заттарын жүндей түтіп тексерді, өте-мөте ұйғыр әйелдерді зарлатты, қытайларды бөлек кабиниетке кіргізіп кетті, Алпамыстарды да біраз әуреге салып көк, жасыл, қызыл қағаздан бірін мұнда салсаңдаршы, «ымды түсінбеген, дымды түсінбейді» деп бір қара жігіт есіктен тиындарын алып сыртқа шығарды.
Апай төс қазақ даласы. Көліктері зулап келеді. Күзгі сары далада сағым ойнайды, ән әуені құлаққа баяу естіледі, қалғып-мүлгіп қараңғы түнде Алматыға кірді, зәулім сарайды, ығы-жығы алып шаһарды көз алдына елестткен Тілеш Алматыға ұқсамайды деп күмібірледі, қалың ағаш, төрт-бес қабатты үйлер, анда-санда ғана биік үйлер там-тұмдап көзге түседі. Бағдар шамдарға көп тоқтаған көлік бір кезде «келдік, түсіңдер» деп, бәрін төге салды. Бір жас жігіт пен төртеуінен басқа ешкім қалмады, ілезде зым-ғайым жоғалды. Алпамыс шекарадан өткен соң қараңғы түнде қайда барарын ойлап жанында отырған арық қара жігітті суыртпақтап сөзге тартқан, ол ағасы Алматыға келгелі бірнеше жыл болғанын, өзі студент екенін айтқан, сол ұшін де ол жігітке су алып беріп, соны айнолсақтаған болатын. Енді соның пайдасын көретін кез келді. Менің ағам келе жатыр қазір, мені алып кетеді деді, сіздер қайтесіздер. Біз қайда барарымызды білмейміз, бізге бір көмегіңді жаса дегендей ішкі тілін байқатты. Ағасы келді, ана жігіт ағасына бірдеңе шүңкілдеді, ағасы да ашық жарқын жан екен, жақсы бәрің қысылып отырыңдар ептеп үйге жетерміз, бір адам артық болды, басқа амал жоқ біреуіңді тастап кетуге тағы болмайды деген ол көлігінің есігін шиқылдата зорға жапты. Бір сағаттан артық жүріп бір кішкене жаздық үйдің ауласына алып кірді, біздің үй осы деген ол құдайы қонақатарын үйге бастады.
Екі бөлмелі жаздық үйдің алғашқы бөлмесі ас бөлмесі екіншісі жатын бөлме екен, бес қонағын сол түпкі бөлмеге жіберген үй иесі келіншегі екеуі ас бөлмеде түнеп шықты. Торғай шырылымен тұрған бұлар үй иесі мен бірге асығыс шай ішті. «Мен жұмысқа баруым керек, сіздер қайда барасыздар?» «Біз қайда баруды да білмей тұрмыз, бізге өзіміз жақтан келгендер көп жүретін жер болса, базар болса тіптен жақсы болар еді?» «а...ондай жер бар, Барахолка, иә, Барахолка – сіздер іздеген жер сол», келіншегіне қарап: «сен жұмысқа шығарда бұл кісілерді Барахолкаға баратын автобусқа салып жібер, кемі бір сағат жүресіздер, Барахолка деп елдер түсіп-шығып қимыл көбейеді сол кезде түссеңіздер болады».
Барахолкаға келді. Енді иек сүйейтін ешкім жоқ, жан-жақтарына қарап тұрған бұларға, жолдың қарсы бетіндегі Құлжа лағманханасы деген төте жазу көздеріне оттай басылды, асыға соған жетті. Кәдімгі Құлжада отырғандай қуанды, лағманға жия миян(дабапка) етіп жеді, қарындары әбден ашыпты, алдыңғы күні кештен бері қайда барып, қайда тұрарын білмеген бұлардың көңілдері күпті, тамаққа да тәбеті болмады, обырлана тойып алды. Енді қайда бармыз деп отырғанда өздері сияқты екі жігіт салаң етіп кіріп келді, адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше дегендей олар тамағын ішіп болған соң бірге қоналқы жайға барды. Орта жастағы Ұйғыр әйел қожайын екен, бұлар не жеп пысық болады екен, Үрімжіге виза алуға барғанда осы ұйғыр әйелдер алдын орап бұлардан бұрын қазақ консульына кіріп еді, шекарада күні бойы осыларды күтіп бір автбус адам жолдан кешікті, енді міне Алматыда жатын орын беретін тағы осылар.
Төртеуіне бір бөлме тиді, кеш батқанша базар аралап айналаны шолды, «рахаттанып бір ұйықтайын деп еді» түнімен бірдеңе бұларды ұйқтатпады, дөңбекшіп таң атырды. Құжаттарын өздерін жатақханаға орналастырған жігіттің танысына беріп тіркеуге өткізген, қолдарына паспорттары тигенше базар жағалап күн өткізді, сақшы көрсе сыр бермей сырбаз тартып жандарынан өтуге кеңес берген өзінен бұрын келгендердің ақылын естеріне алады. Жұмысқа қытай базарының артындағы қалың складтарға барды, қытайдан келген автобустардың жүк көлігі екенін енді білді, сол товарды түсірді. Жуан турбаның ішіне жіңішке турба тығып, оның ішіне арматура салып қандай бір бостық бар соны толтырып алып келген заттарды күн-түн демей түсіреді, ақша таба бастады. Тілеш ыштан қалтасындағы ақшасын санады, екі жүз төрт мың теңге болыпты. Туған жерін ойлады. Қытай ақшасына айналдырды, әжептауір тиын. Сол күні кешкі асты ішкен соң ел орынға отыра оның іші бұрап ауырды, жай ауырған жоқ, сұмдық ауыра бастады. Жанындағы жігіттер қожайын ұйғыр әйелге жүгірді. Ол жедел жәрдемге қоңыру шалды. Қиқулатып Тілешті алды да кетті, Темірбек бірге ауырханға келді. Алпамыс пен Жеңісте баруға ниет етіп еді, ақ халат кигендер руқсат етпеді. Абыр-сабыр тексерістен соң дереу ота жасамаса болмайды, «тамақты дұрыс уағында ішпей асқазаны тесілген, денеге жайылып барады, сен қол қой деген көк көз, аласа бойлы доқтырдың үнін естіген Темірбек еш ойланбастан бірден қол қойды.
Әкесі де, шешесі де Алланың рахметіне қауышқалы талай жыл болған Тілеш, «енді мен де өлетін болдым-ау...үш әкпемді, жалғыз ағамды да көра алмай кететін болыдым-ғой» деп жаны жылады, бірақ көзінен еш жас шықпады. «Иа, Алла осыдан аман қалсам намаз оқып, Өзіңнің тура жолыңда жүруге серт етемін» деп әкесі үйреткен Фатиха мен Ықылас сүресін ішінен оқи берді. Доқтыр тыр жалаңыш шешіндіріп заузаның үстіне лақтырды, наркоз енді бойына тарап ес-тұсын жоғалта бастады. Биік таудың басында отырған басында ақ жаулығы бар шешесін көрді, шешесі жансыз тас сияқты Тілеш баруға қанша қадам бассада аяғы жүрмейді, әкесі шешесін атқа мінгестіріп алып кетті, екеуі тау басында шығыстан батысқа қарай кетіп барады, әне көз ұшында қараңдап барып жоқ болды, Тілешке еш қарамады. Қанша уақыт жатқаны белгісіз көзін ашты, комада жатыр, арғы дүние ме деп ақырын жан-жағына қарады, алдында ақ халат киген медбике тұр, осы дүние сияқты, тірімін бе деп көзін ашып-жұмды, еріндері жыбырлап тұр, кірпігі қозғалып тұр, басқа денесін таңып тастапты...
Ерніне медбике жылымық су жақты. Қатты шөлдеді, кеберсіген ерінге суды жиі-жиі жақты, қабырғаға қарады, шынымен тірі екен, бағанадан әлі сенбей тұрған Тілеш жылап жіберді, «мен тірі екенмін-ғой!». Көзінен ыстық жас ыршып шықты. Рахмет сіздерге, рахмет. Бағанағы аласа бойлы доқтыр өзі келіп қол аяғын шешті, жарты литр тассайды жанына қойып: «Аузыңызға тигізіп тартып отырасыз, бірақ жұтпайсыз, асқазаныңыз қазір көтере алмайды, ішктеріңізге жел жүргенде ғана бір қақпақ ішуге болады». «Неткен жақсы жан» деп күмбірледі Тілеш.
Шөл қысып қаталаған Тілештің бүкіл денесі күн ыстықта қопарсыған топырақтай мазасы қашты, өз тәніне өзі симай еріні кеуіп, бүкіл денесі бір ысып, бір суыды. Тассайды ерініне тигізе қайта тартты, жұтып жібергісі келді, оған батылы бармады, дембіл-дембіл ерініне тигізеді, тассайдың дәмінің балдан тәтті, жер бетінің ең дәмді шәрбәті екенін сезінді.
Тассайды талмап екі тәулік жатқанда барып құр етіп ішегіне жел жүрді, қуанып кетті. Кнопканы басып еді толықша келген сүйкімді сары медбике қыз жетіп келді, не болды аға, ішегіме жел жүрді, үнсіз тассайдың қақпағына су құйып аузына тосты, Тілеш кәнігі әдетімен ерніне ақырын тигізді де жұтып жіберді, үш күннен бері алғаш рет асқазанға су жүрді, тұп-тұнық судың құлдай іші-қарынды аралап кетіп бара жатқанын анық сезіп жатты. Ұйқысы ашылған шал кісідей есін жиды, саусағының құрысып қалған бастары өз орнына келе бастады, түстен бастап емхананың тамағын да қасықтап іше бастады, қытайда ішіп көрмеген кашаны осында ішті, дәмді, бәрі дәмді, ақ шүберектей болған екі бетінің ұшына ала ноқат алқызыл қан пайда болды. Әлсіздік бойын билеп алды, бір жеті болғанда «үйіңізге шығып қуаттаныңыз, ащы-тұщы жемей ет, сорпа, тағы басқа дәрумені мол тағамдарды аздан-аздан тақыл-тақыл жеңіз» деп өзіне ота жасаған доқтыр қолына екі парақ қағаз беріп: «бүгін түсте шығасыз» деді, Тілештің бар ойы ақшасы қанша болды екен, соны айтпады-ғой, сұрауға батылы бармай, шығарда бар ақшамды берейін жетпесе жанымдағы жігіттерден сұрайын деген ойға келіп үнсіз қалды, Түскі тамақты ішкен соң «өзіңізге әбден келгенше ауыр тамақ ішпеңіз, жатарда мүлде тойып тамақ жемеңіз. Шықсаңыз болады» дегенде Тілеш не дерін білмей осылай шыға беремін бе деп күмбірледі. «Не болды, шыққыңыз келмей тұр ма?», «жо...жо..жоқ!» «А, онда не айтпақсыз?». «....ақшасы қанша болды?», «бізде ақша алмайды бәрі тегін, осылай шыға бересіз» деп жымиды өз ісіне өзі риза болған доқтыр....Тілеш бас салып доқтырдың қолын сүйіп алды...рахмет сізге...көзіне ыстық жас алды, доқтыр не болғанын білмей қалды. Артынан біреу келіп ақша сұрайтындай есіктен шыға тездетіп кетуге асықты, күтіп тұрған досы Темірбек қолтықтап таксиге мінгізіп Барахолкаға жетті, Алпамыс пен Жеңіс те бар екен, Тілештің тозған шүберектей бозарған түріне қарап мелшиіп аз-кем тұрып ақырын төмен дауыспен амандасты, баяғыдай дарылдай сөйлесе достарының көтере алмайтынын іштері сезді. Ол да естілер-естілмес дауыспен «мен әкпелерімнің тәлейіне тірі қалдым» деп сыбырлады.
Қолтығынан демеген Темірбек оны ептеп өз төсегіне жатқызды. Бір ұйықтап оянған Тілеш мені бүгін кеште жүретін автбусқа салып біреуің қытайға жеткізсеңдер, мұнда мен күтіне алмаймын-ғой деп өтінді, аналар да бас изеді, кеште Темірбек екеуі төсекті автбуспен қытайға жүріп кетті. Шекесі тырысып, басы солқылдап ауырып келе жатқан Тілешті елеген жан болмады, жүк тиеген ұйғыр әйелдер қақақтап күлсе, дарылдай сөйлеген қытайлар көліктің ішін басына көтере азанда қорғас өткеліне келді. Екі елдің шекарасынан кезексіз өткен Тілеш пен Темірбек Құлжаға келіп қонақ үйге жайғасты, Тілештің туыстарына қоңырау шалып жағдайды айтты, өз құлақтарына өздері сенбеген Тілештің үш әкпесі Құлжаға жетті бауырын көріп танымай қалды. Ой, бүйткен Қазақстанның бар болсын деп салды өзіне тете әкпесі, «
Ой, әкпесі-ау, сол ел болмаса бүгінде Тілеш жоқ еді, бір тиын да алмай ота жасап, жақсылап емдеп ініңізді аман алып қалды солар...» «Иә» дегендей Тілеште бас изеп көзіне жас алды. Ауылдарына келген соң бір жетіден соң жібін алдыруға доқтырға барды, жібін алуға туған жерінің доқтыры 8 мың үш жүз теңге ақша алды. Қазақстаным мені ажалдан алып қалды, асты-үстіме түсіп қарады, көк тиын алмады, Тілеш өзінің тәуелсіз отаны бар екенін, өзінің қазақ болып туғанына бірінші рет қуанды, Аллаға шүкіршілік етті....алты айда Тілештің бұрынғы күші бойына қайта келді.
***
Достары көктем шыға Барахолканы қойып, қала шетінен егістікті жалға алып капуста айдауға ниет етіп жатқанын айтты. Әкпелерінің «барма» дегеніне көнбестен тасты жарып жауқазын шыққан бір таңда Тілеш өз отаны қазақ жеріне зор махаббатпен қайтып оралды...
Нұрхалық Абдырақын