Ринат Серікұлының мамандығы – заңгер. Бірақ жоғары оқу орнын тәмамадаған соң еңбек жолын құрылыс саласында бастады. «Бұған ұзақ жыл құрылыста жемісті жұмыс істеген әкемнің тәлімі әсер етті», дейді өзі. Бүгінде іргелі BI-group құрылыс компаниясында бөлім басқаратын маманмен зауыттағы қарбалас жұмыс арасында тілдестік. Біз барғанда жұмысшылар кезекті блокты құйып, жөнелтуге даярлап жатты.
– Әңгімемізді күнделікті жұмыс жайынан бастасақ.
– Бригада екі ауысыммен жұмыс істейді. Күндізгі ауысымдағылардың кешке дейін әзірлеген блогін түнгі ауысымға шығатын жұмысшылар жалғастырады. Ең алдымен блоктың, яғни көпқабатты үй пәтерлері бөлмесінің қалыбына арматура тоқылады. Одан кейін бетон құйылып, кептіріледі. Есік, терезесі салынып, жинақтаушы топ кем-кетігін бүтіндеп, әрлейді де монтаждауға жіберіледі. Құрылыс басында дайын бөлмелер белгілі бір тәртіппен қаланып, көпқабатты үй өсіп шығады.
– Сіздің жоғары оқу орнын заңгер мамандығы бойынша тәмамдап, бағыңызды құрылыс саласында сынағаныңыз таңдандырып отыр.
– Әкем бала күнінен құрылысшы болуды қалап, осы саланың білікті маманына айналды. Сол кісінің еңбек жолына қатты қызықтым. Жалпы, әркім өз саласының майталманы болғанда ғана құрметке бөленеді, атақ та алады, ортасына да сыйлы болады. Әкем сондай кісі болды. Соның ықпалы шығар, мен де заңгерлікті емес, құрылысты таңдадым.
– Балаларыңыз сіздің жолыңызды жалғап, құрылысшы болғысы келе ме?
– Алты баламыз бар, солардың ішінде қыздарым ғана әзірге құрылыс, оның ішінде дизайн мамандығын таңдап, келешекте осы кәсіпте еңбек етуге талпынып жүр. Ұлдарым басқа мамандықты таңдайтын секілді, қалаулары білсін. Біз ешқашан мәжбүрлеп, мына мамандықты игер демейміз.
Жалпы, Астана қаласындағы бірнеше көркем стиль, өзгеше дизайндағы тұрғын үй кешендерінің салынуына біздің де септігіміз тиді. Балаларым сыныбында апайына, достарына: «Мынау менің әкемнің салған үйі, ғимараты», деп мақтанышпен айтады екен. Соны естігенде төбем көкке жеткендей болды.
– Жас мамандардың құрылыс өрісіне қызығушылығы қаншалықты?
– Өте қарқынды не болмаса тым баяу деп те айтуға келмейді. Жалпы, жастарға қарағанда орта буын өкілдерінің құрылыста жұмыс істеуге деген сұранысы жоғары. Кейінгі толқынды қызықтыра білу керек шығар. Ақпараттық насихат жүргізіліп, колледждерде, жоғары оқу орындарында құрылыс саласының мамандығымен білім алушы жастарды зауыттарға, құрылыс нысандарына апарып көрсетіп, тәжірибелі құрылысшылармен кездесу ұйымдастырса, жұмысшы мамандықтарға қызығушылық артпаса кемімес еді. Меніңше, жастардың көз алдына құрылыс саласы десе, лай батпақ шылап, қыш көтеретін ауыр жұмыс елестейді. Біздің зауытта барлық үдеріс заманауи технологиямен қамтылған, компьютермен басқарылады. Еңбекақы нарық талабына сай есептеліп, ай сайын кешікпей беріледі, зауыттан үйге дейін тасымалдайтын көлік бар. Арнайы киім, құрал-жабдықпен қамтамасыз етеді. Тек білек түрініп, ерінбей еңбек етсең жеткілікті. Құрылыс – еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Келешекте жастарымыз алдыңғы буынды алмастырып, осы істі ары қарай жалғауы керек. Сондықтан да кейінгі толқынды құрылыста еңбек етуге шақырамын.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»