Жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелді
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Президент қазір дүние жүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті.

Жасанды интеллект мемлекеттік аппараттың жұмысын жеңілдетуі тиіс — Тоқаев
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
«Бұл технология әлемдегі барлық елдің дамуына тікелей әсер етуде. Қазір онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Озық технологиялар ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналуда. Біз жасанды интеллект саласында бірқатар жетістікке қол жеткіздік, бірақ босаңсуға болмайды. Бұл жұмысқа мен ең маңызды басымдықтың бірі ретінде қараймын», — деді президент.
Біріккен Ұлттар Ұйымының сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) болжамы бойынша 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артпақ.
Жасанды интеллект АҚШ-тың технология, экономика және қорғаныс салаларында көшбасшы ел болып тұруына қажетті аса маңызды құрал ретінде қаралған. Мамандарымыз осы және басқа да құжаттарды мұқият зерделеп, нақты қорытынды жасауы керек, деді мемлекет басшысы.
«Қытай жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жаһандық ұйым құру туралы бастама көтерді. Мақсат – жасанды интеллектіні басқаруға арналған көпжақты тәсілдерді ілгерілету, сондай-ақ цифрлық алшақтықты жою, жасанды интеллектіні тұрақты қолдану және оны пайдалану этикасын қалыптастыру. Мұндай ұйым құру туралы ұсынысын қолдау керек деп ойлаймын. Дайындық іс-шараларына атсалысу қажет», — деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша Қазақстанның негізгі мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Ол үшін нақты іске көшу керек.
Мен бұған дейін бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін тездету туралы айттым. Қажетті инфрақұрылымды дайындап, заңнамалық негіз бен мәліметтерді жинау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектіні енгізу жұмысын бастауды тапсырдым. Бірақ бұл тапсырмалардың орындалу барысы мәз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект барлық саланың қозғаушы күші болуға тиіс деп санайды. Оның пікірінше ЖИ – еліміздің инновациялық дамуының, цифрлық дербестігінің тірегі.
«Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі, біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн», — деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің цифрлық саясатына арқау болатын басым бағыттарға тоқталды.
«Жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізуді қолға алу қажет. Бұл – күрделі, бірақ өмірлік маңызы бар міндет. Өйткені экономиканы түбегейлі жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Ол үшін, ең алдымен, ірі кәсіпорындармен ықпалдастықты жолға қойған жөн. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге жыл соңына дейін жасанды интеллектіні өндірістік үдерістерге енгізіп, экономикалық тиімділігін көрсететін нақты үлгілер ұсынуға тиіс, – деді мемлекет басшысы.
Президент мемлекетті басқару саласын одан әрі цифрландыру ісін екінші басымдық ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады.
«Қазір ChatGPT қағидатымен жұмыс істейтін кейбір жобалар енгізіліп жатыр. Бұл тәсілдер азаматтардың өтініштеріне жауап беруге септігін тигізуде. Озық технологияның әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Жасанды интеллект мемлекеттік аппараттың жұмысын мейлінше жеңілдетуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Қазақстанда қызметтердің басым бөлігі әлі де «цифрлық фиксация» күйінде. Біз жасанды интеллектіні қолданып, қандай қызметтерді толық өзгертуге болатынын нақты айқындап алуымыз керек, — деді президент.
Оның айтуынша үкімет үш айдың ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласына жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек. Әсіресе, өтініштерді қарау және шешім қабылдау жұмысында кеңінен пайдаланған жөн. Бізге тұтас мемлекеттік басқару жүйесінде қолдануға болатын нақты тетіктер өте қажет.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологиясын пайдаланудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, медицина саласында ауқымды ақпарат жинақталған. Жасанды интеллект көмегімен олардың негізінде дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге арналған құралдар дайындауға болады.
Тоқаев жасанды интеллект саласын реттеу тетіктерін жетілдіруді тағы бір маңызды міндет ретінде айқындады. Оның айтуынша, бүкіл әлемде жасанды интеллектіні пайдаланудың құқықтық негізі белсенді қалыптасып жатыр.
Президент цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызына назар аударып, Үкімет мүшелеріне ABCDE моделі (AI, Big data, Cloud, Data Centers, Education) негізінде ұлттық цифрлық ландшафт құрылымын қайта қарау туралы тапсырма берілгенін еске салды.
«Біз жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер кластерін іске қостық. Енді оны іс жүзінде кәдеге жаратуымыз қажет. Бірақ мәз болып, босаңсуға болмайды. Тиісті жұмыс әлі алда. Есептеу ресурстары баршаға бірдей қолжетімді болуы керек. Суперкомпьютердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осыған орай Үкіметке суперкомпьютердің қуатын әділ бөлу ережесін әзірлеуді тапсырамын. Келешегі зор стартаптар мен ұлттық маңызы бар жобаларға басымдық беру керек. Сонымен қатар шашыраңқы мемлекеттік ақпарат жүйелерін ретке келтіру жұмыстарын күшейту қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы деректерді басқару тиімділігін арттыру, сондай-ақ киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін көтерді.
«Жасанды интеллектінің дамуымен қауіп-қатердің мүлдем жаңа түрлері пайда болды. Үйреншікті әрекет ету механизмдері оған бейімделіп үлгермей жатыр. Нейрожелілер көмегімен адамның биометриялық көшірмесі жасалатынын, дауысын, бет әлпетін, тіпті мінез-құлқын айнытпай салуға болатынын бәріміз көріп отырмыз . Бұл азаматтардың жеке мәліметі мен банк есепшоттарына қол жеткізуге, қоғамдық пікірді бұрмалайтын жалған бейнероликтер жасауға мүмкіндік береді», – деді президент.
Жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелді. Ең ірі оқиға маусым айында болды. Мұндай инциденттердің басым бөлігі жеке секторда орын алады. Бірақ мемлекет еліміздегі цифрлық қауіпсіздіктің жалпы деңгейіне толық жауап беруге міндетті.
«Қазіргі кезде іскерлік және қызмет бабындағы байланыстың, соның ішінде азаматтардың жеке деректерін беру үдерісінің басым бөлігі халықаралық мессенджерлер арқылы жүзеге асады. Бұл платформаларда жеке сәйкестендіру нөмірін, азаматтардың денсаулығы туралы мәліметті және басқа да деректерді жиі сұрайды. Мұндай тәжірибе жеке мәліметтерді қорғау туралы заңнамаға қайшы және ұлттық юрисдикциядан тысқары жерге деректердің тарап кетуіне әкеліп соғады. Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек», – деді ол.
Бұдан бөлек мемлекет басшысы инвестиция мен дарын иелеріне қолайлы жағдай жасаудың маңызына тоқталды.