Қатпар-қатпар Қалба жоталарының бір қуысындағы алақандай Тоғанас ауылында өндірілетін өнім Алатаудың бау­райына жөнелтіліп жатыр. Тіпті ауыл да емес. Қыстақ.

«Басында күйеуім Тоғанас қыстағында шаруа қожалығын құрып, мал ұстады. Кейін сиыр сауып, сүтін кәдеге жаратайық деп, шағын цех аштық. Мұны Бозанбай ауылының әкімдігі қолдап, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5%-бен 9 млн 400 мың теңге несие қаражатын алдым», дейді төрт баланың анасы Меруерт Тоқынтаева.

Несие қаражатына сүт өңдей­тін, ірімшік қайнататын және қақтайтын қондырғылар, азық-түлікті сақтайтын тоңазытқыш, басқа да құрал-жабдықтар сатып алған. Тоғанастағы шағын цехта сүттен 14 түрлі өнім өндіріледі. Сүт пен айраннан бөлек, май, кілегей, ірімшік, сан түрлі құрт осы ауыл­дан шығады. Тіпті талшықты ірімшікке дейін жасайды. Шикізатты шаруа қожалығынан ғана емес, Бозанбай ауылының тұрғындарынан да жинайды.

«Құрт-ірімшікке тапсырыс беретіндер аз емес. Әсіресе той-томалақ, ас-науқан кезінде сұраныс артады. Өнім Өскемендегі жеке тұрғын үйдің іргесінен ашылған шағын дүкенде сатылады. Әлеуметтік желі арқылы да тапсырыс қабылдаймыз», дейді кәсіпкер. Айтқандай, Тоғанастың құртын Алматыға алдыратын тұтынушылар да бар. Түп қияндағы ауылды қалай тауып алған десек, бұрынғы Өскемен тұрғыны сәбиінің іш құрылысына операция жасатыпты. Кейін олар Алматыға көшкен. Алайда ай сайын дорба-дорба құрт алғызады екен. Неге десек, операция жасатқан кішкентай қызы Тоғанастың құртын жеп, денсаулығы түзеліпті. Әрине, шағын цехтан шыққан құрттың құрамында қоспа жоқ, табиғи таза жолмен дайындалады.

Меруерт Тоқынтаева таза еттен үш түрлі шұжық, қақталған қазы мен қарта әзірлеуді де қолға алмақ. Оған қажет аппарат та, шикізат та дайын.

«Бір қиындық – жұмысшы жайы. 200 мың теңге жалақыға ешкім келмейді. Біздің қыстақ пен Бозанбай арасында жүріп-тұруды қиынсынады. Мұнда не ұялы байланыс, не интернет жоқ. Кейде тапсырыс берушілерім телефон шалып іздейді. Болашақта осы мәселелер оң шешілсе, шаруамыз қыза түсер еді», деп мәселесін де жасырмады.

Өскеменнен 50 шақырым жердегі Тоғанаста қазір оншақты ғана түтін бар. Ауыл емес, Бозанбайдың көшесі болып есептеледі екен. Мұндағы жұрт малмен жан бағып отыр. Меруерттей кәсіпкерлер ауылды төңіректей берсе, түтін саны да артар ма еді.

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы