ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қарасты "Жол активтері сапасының ұлттық орталығының" Бас директоры Болатбек Айтбаев орталықтың қызметі мен алдағы жоспарлары жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
Қазан айының соңғы жексенбісінде биыл алғаш рет аталып өткелі отырған автожол саласы қызметкерлері күні қарсаңында біз "Жол активтері сапасының ұлттық орталығының" бас директорымен жолығып, орталықтың жұмысы жайында әңгімелестік.
Елдегі барлық автожолдың сапасын бақылап, саладағы цифрлық жаңғырудың алдыңғы қатарында жүрген бұл орталық қазір жолдардың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға маңызды шешім қабылдайды.
Сұхбат барысында бас директор Болатбек Айтбаев орталықтың басты міндеттері, енгізіліп жатқан жаңа технологиялар және қазақстандық жол сапасына деген сенім қалай қалыптасып жатқаны туралы ой бөлісті.
– Болатбек Қобланбекұлы, бүгінде "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" еліміздің жол саласын жаңғырту ісіндегі негізгі құрылымдардың бірі саналады. Қазіргі өзгерістер кезеңінде орталықтың рөлін қалай сипаттар едіңіз?
"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" алғаш құрылған күннен бастап тек бақылау немесе реттеу қызметін атқаратын кәсіпорын болуды емес, жол саласының дамуына жаңа серпін беретін жүйелі институтқа айналуды мақсат етті. Бүгінде біз тек қадағалап қана қоймаймыз, сонымен қатар дамытамыз, ұсынамыз, енгіземіз және оқытамыз. Біздің басты міндетіміз – еліміздің жол инфрақұрылымының сапасын арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрақты дамуына ықпал ету.
Орталық қызметі бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Атап айтқанда, автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту және жөндеу кезінде атқарылатын жұмыстар мен қолданылатын материалдардың сапасын тексеру; орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттарға ведомстволық сараптама жасау; жолдардың техникалық жай-күйін анықтау мен аспаптық тексеру; жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылау; жаңа технологияларды енгізу және сынақ алаңдарын сүйемелдеу; асфальт-бетон зауыттарына инспекция жүргізу сынды бағыттар бар.
Біз жол сапасын жақсартудың нақты нәтижесіне жүйелі әрі кешенді жұмыс қана жеткізеді деп сенеміз.
– Жол сапасы – қашанда басты назардағы мәселе. Осы бағытта бағалаудың әділдігі қалай қамтамасыз етіледі?
Жол сапасы – көзбен шамалап емес, нақты өлшем арқылы анықталатын көрсеткіш. Сол себепті біз бұл бағытта бірқатар заманауи технологиялық шешімдерді енгіздік. Бүгінде елімізде жыл сайын республикалық және жергілікті маңыздағы шамамен 20 мың шақырым жол тексеруден өтеді. Бұл жұмыс жылжымалы диагностикалық зертханалардың көмегімен жүзеге асады.
Аталмыш зертханалар камералармен, лазерлік құрылғылармен, GPS жүйесімен және түрлі датчиктермен жабдықталған. Олар жолдың тегістігінен бастап, жалпы жағдайына дейінгі барлық деректерді тіркейді. Ең бастысы – енді жиналған мәлеметтерді сараптау қолмен емес, SRDS жасанды интеллекті арқылы жүзеге асады. Соның нәтижесінде талдау жылдамдығы бірнеше есеге артты, қателік азайды, ал жолдағы ақауларды алдын ала анықтауға мүмкіндік туды.
– Лабораториялық сынақтар мен материал сапасы жайында не айтар едіңіз?
Бұл бағытта да заманауи цифрлық шешімдер енгізілуде. KazRoadLab – жол құрылысы мен жөндеу барысында қолданылатын материалдардың және атқарылған жұмыстардың сапасын тексеруге арналған электронды жүйе. Ол зертханалық сынақтардың нәтижесін деректер базасында енгізіп, процестің ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етеді. Әр алынған үлгіге жеке QR-код беріледі. Сол арқылы адами фактор ықпалына жол берілмейді. Лаборатория материалды кім тапсырғанын да білмейді. Бұл сараптаманың әділдігін қамтамасыз етеді және кез келген әсер ету мүмкіндігін болдырмайды.
Келесі кезең – сынақ процесін толық автоматтандыру. Арнайы құрылғылар мәліметті тікелей жүйеге жібереді, ал бағдарлама өзі есептеп, сынақ нәтижесінің хаттамасын жасайды. Барлық ақпарат цифрлық архивте сақталып, елдің кез келген өңіріндегі инженерлерге қолжетімді болады.
Сонымен қатар КИД KRL жүйесі іске қосылды. Бұл орташа жөндеу жобаларында атқарылған жұмыстарға қатысты құжат айналымын автоматтандыратын ақпараттық жүйе. Ол тиісті құжатсыз нысанды қабылдауға жол бермейді. Бұл шешім жол саласындағы басқару мен бақылау сапасын жақсартып қана қоймай, жалпы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде шешім қабылдау жылдамдап, тәуекелдер азаяды, ал процестер барынша ашық болады. Бұл – жол саласын цифрландыру мен оңтайландыру бағытындағы маңызды қадам.
Бұдан бөлек, біз KazRoad VR атты виртуалды тренажер әзірледік. Бұл жүйе мамандарды жаңа әдістер мен технологияларға өндірістен қол үзбей, цифрлық форматта оқытуға арналған. Мұндай жобалардың мақсаты – адами қателіктерді азайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, мамандардың жұмысын жеңілдету және деректердің нақтылығын арттыру.
– Ал жобалау мен жөндеу кезеңінде сапа қалай бақыланады?
Бұл бағытта бізде ведомстволық сараптама жүйесі жұмыс істейді. "Автомобиль жолдары туралы" заңға сәйкес, орташа жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы тексеру құқығы біздің орталықтың құзыретінде. Біз жобаның техникалық және қаржылық тұрғыдан негізділігін, қолданыстағы нормалар мен талаптарға сәйкестігін жан-жақты қараймыз.
Ең бастысы – барлық процесс Ведомстволық сараптама порталы арқылы жүргізіледі. Бұл – орташа жөндеу жобаларына қатысты техникалық құжаттарды қабылдау мен қарау жұмыстары толықтай электронды форматта өтетін арнайы платформа. Мұндай тәсіл уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді, сараптама барысын ашық әрі түсінікті етеді.
Біз енгізілген әрбір өзгерісті жүйеде тіркеп отырамыз, қателікке жол бермейміз және әр жоба бойынша цифрлық тарих қалыптастырамыз. Осылайша қай жерде, қашан және қандай жөндеу қажет екені нақты көрініс табады. 2019 жылдан бері 5500-ден астам қорытынды берілді, олардың әрқайсысы сапалы жол жөндеу жұмыстарына негіз болды.
– Саладағы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Біліктілікті арттыру – саланың тұрақты дамуына салынған ең тиімді инвестиция. Біздің орталықтың бастамасымен техникалық қадағалау инженерлерінің білім деңгейін бағалау жүйесі енгізілді. Оның нәтижелері мамандардың жұмысқа жіберілуіне тікелей әсер етеді. Бұл шара қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтіп, кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Біз жергілікті атқарушы органдар мен зертхана мамандарына арналған оқыту семинарлары мен біліктілікті арттыру курстарын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Жыл сайын 250-ден астам қызметкер осы бағдарламалар арқылы өз білімін жетілдіреді. Біз үшін ең бастысы – адам капиталы.
– Нормативтік базаға қандай өзгерістер енгізілді?
Нормативтік және техникалық база – сапаның берік іргетасы. Орталық құрылған күннен бастап 200-ден астам нормативтік құжатты әзірленуіне қатысып келеді. Біз ұлттық стандарттау жоспарының аясында жұмыс істеп, жыл сайын 30-дан астам құжатты қайта қарап, жаңартып отырамыз.
Мамандарымыздың бастамасымен қолданыстағы заңнамалық және нормативтік актілерге 20-дан астам өзгеріс енгізілді. Бұл түзетулер саладағы қайшылықтарды жоюға, ашықтықты арттыруға және заманауи талаптарды енгізуге бағытталған. Осындай жүйелі жұмыс – әділ әрі тиімді жүйе қалыптастырудың берік негізі.
– Биыл Мемлекет басшысы E-Joldary цифрлық платформасын енгізуді тапсырды. Бұл жоба туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
E-Joldary – бұл жол саласы мен қоғам арасын жалғайтын цифрлық көпір. Платформа алты негізгі бөлімнен тұрады:
- Жол паспорты. Қазақстандағы барлық автомобиль жолдарын цифрлық форматта тіркеу және паспорттау.
- Қоғамдық бақылау. Ел азаматтарының жолдарға қатысты өтініштерін қабылдап, жауапты мекемелерге жеткізу жүйесі.
- Ахуал орталығы. Жол желісінің жағдайын қадағалап, оқыс оқиғалар мен нысандар бойынша деректерді біріктіріп, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
- Жүргізушіге арналған ақпараттық орталық. Жүргізушілерге өзекті ақпарат пен бағыттар жөнінде деректер ұсыну, мемлекеттік қызметтердің деректерімен біріктіру және кері байланыс орнату мүмкіндігі.
- Жол жөндеу. Жөндеу жұмыстарына қатысты құжат айналымын толық цифрландыру және жөндеу барысын онлайн картада көрсету.
- Аналитика. Жол инфрақұрылымының жай-күйін белгілейтін есептер мен негізгі көрсеткіштерді визуалды түрде ұсыну.
Аталмыш платформа жай ғана электронды жүйе емес. Ол қоғамды жол саласындағы бақылау процесіне тартуға, ашықтық пен сенімді арттыруға бағытталған нақты құрал.
– Алдағы уақытта сапа орталығының жоспарында не бар?
Алдағы уақытта біз барлық жұмыс үдерістерін толық цифрландыруды, автоматтандырылған шешімдерді енгізуді және жол сапасын бағалау мен сараптауда жаңа тәсілдерді дамытуды жалғастырамыз.
Жоспарда цифрлық және роботтандырылған жүйелерді енгізу, сондай-ақ жасанды интеллектіні жолдардың жағдайын болжау ісінде кеңінен қолдану бар.
Қазір кәсіпорынның жаңа даму стратегиясы дайындалып жатыр. Оның басты бағыты – дәстүрлі тексеру мен бақылау жүйесінен сапаны алдын ала болжауға негізделген басқару тәсіліне көшу. Бұл стратегия жинақталған тәжірибе мен заманауи цифрлық платформаларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, тәуекелдерді ерте анықтауға, жұмыс үдерістерін оңтайландыруға және жол сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бірақ ең маңыздысы – сенімді сақтау және оны нығайту. Біз жолдардың қауіпсіз, сапалы әрі ұзақ мерзімді боларына сенетін жүйені қалыптастырып жатырмыз. Өйткені жолдың сапасы – өмір сапасының да кепілі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз