"Қазгидромет" РМК дерегінше, теңіздің тайыздану процесі әлі жалғасады, тіпті бұл одан да арта түсуі ықтимал.

Сарапшылар Каспий деңгейінің төмендеуіне басты екі себепті атайды: олар – климаттың өзгеруі мен адам факторы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Community Climate System Model атты климаттық модельдің RCP4.5 және RCP8.5 сценарийлері бойынша жүргізілген есептерге сай, ғасырдың ортасына қарай теңіз деңгейі тағы 2 метрге төмендеуі ықтимал. Негізінен Каспий теңізінің тартылуы 2006 жылдан бері байқалып келеді.

– Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Каспий теңізінің деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша –32,4-тен –34 метрге дейін төмендеуі мүмкін, – деп мәлім етті Қазгидромет.

Осы күні Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі су деңгейінің төмендеуінен ең көп зардап шегіп отырғанға ұқсайды.

Қазгидромет жүргізген ай сайынғы гидрометеорологиялық шолуға сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде:

– ең жоғары деңгей Иголкинская банка бекетінде +147 см;

– ең төменгі деңгей Құрық бекетінде –195 см;

– орташа деңгей –118 сантиметр немесе Балтық жүйесі бойынша –29,18 метр болды.

Каспий деңгейінің тарихи өзгеру динамикасы:

1940-1977 жылдары деңгей 1,2 метрге түскен (жылына орта есеппен 4 см);

1978-1995 жылдары 2,5 метрге көтерілген (жылына 13 см);

1996-2023 жылдаы 1,83 метрге төмендеген (жылына 8 см).

2006-2024 жылдары аралығында судың деңгейі тағы 2 метрге азайған.

Былтыр Каспийдің қазақстандық бөлігінде су деңгейі солтүстік-шығыста 22 сантиметрге, ал шығысында 29 сантиметрге төмендегені туралы айтылды.

20 күн бұрын ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің тартылуына алаңдаушылық білдіріп, түркі елдерін бірлескен іс-қимылға шақырған еді.