ТЖМ-ның "Қазавиақұтқару" авиациялық қызметінің тікұшағы Алғабастағы өрт кезінде зардап шеккендердің тағы бірін Жетісай ауданынан Шымкент қаласына жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Гипербариялық орталық Шымкентте орналасқандықтан, ал Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтар жеткіліксіз болғандықтан, науқасты тасымалдау қажет болды. Санитарлық рейс "Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы" РМҚК-ның үйлестіруімен ұйымдастырылды. Рейс барысында Түркістан облысындағы өрт салдарынан зардап шеккен, 1990 жылғы азаматша Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді", делінген 2025 жылғы 20 қарашадағы ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, зардап шеккен азаматшаны межелі жерге жеткізгені нақтыланады.

"Қону сәтінен кейін азаматша арнайы мамандандырылған дәрігерлердің бақылауына тапсырылды", делінген хабарламада.

Бұған дейін Алғабастағы өрт кезінде зардап шеккендердің бірі тікұшақпен Шымкентке жеткізілгені хабарланған. Ол ер адам болатын.