Ислам ынтымақтастығы ойындарында бүгін, 21 қарашада Қазақстан құрамасының қоржыны тағы үш күміс медальмен толықты. Қазақстан спортшылары джиу-джитсудан, гандболдан және еркін күрестен ерекшелене білді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұрымды балуан Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан Эр-Риядтағы (Сауд Арабиясы) Ислам ынтымақтастығы ойындарында екінші орын алды. Отандасымыз 52 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады.
Ол финалда Асма Альхосанимен (БАӘ) кездесті. Шешуші жекпе-жектің қорытындысы бойынша БАӘ өкілі жеңіске жетсе, Жібек жарысты екінші орынмен аяқтады.
Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) гандболдан әйелдер арасында финалдық бәсеке өтті.
Шешуші матчта Қазақстан Түркия құрамасына 34:31 есебімен жол беріп алды. Осылайша Қазақстан құрамасы Ислам ынтымақтастығы ойындарын күміс медальмен аяқтады.
Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан еркін күрестен Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында күмістен алқа тақты. Жерлесіміз 97 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады.
Ризабек ақтық сында ирандық Амир Али Азарпирамен күресті. Тартысқа толы белдесуде Иран спортшысы 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін джиу-джитсу шебері Жігер Алматай Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарының чемпионы атанған болатын.