Эр-Риядта өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында еркін күрестен күміс медаль иеленген Ризабек Айтмұхан жеңісіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Отандасымыз жарыстан кейін берген сұқбатында қарсыластары жайлы айтты. Спортшы алдағы уақытта қазақстандықтарды жаңа жеңістерімен қуантатынын жеткізді.

"Күміс қолда, алтын жолда демекші, жеңісіме қуаныштымын. Қарсыластарымның ешқайсысы осал емес. Жалпы төрт белдесудің үшеуінде Олимпиада жүлдегерлері мен жеңімпаздарымен күрестім. Осындай жетістікке жеткеніме қуаныштымын. Алтын медаль алғым келді. Бірақ алда әлі талай мәрте қазақ елін, отбасымды және жанкүйерлерді қуантамын деген үміттемін.

Финалда қарсыласым басымдық танытты. Оған қоса бір-екі күн бұрын сырқаттанып қалған едім, бірақ оны сылтау еткім келмейді. Соған қарамастан бар күш-жігерімді салдым. Алдағы уақытта кеткен есемді қайтарамын. Бүгін бұған дейін өзім жол берген Ахмед Тажудинов, Магомедхан Магомедовтан қарымта қайтардым", — деді Ризабек Айтмұхан.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз