Meta – Facebook, Instagram және WhatsApp сияқты танымал платформаларға ие әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірі.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Мeta компаниясының мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Сарим Әли Азизбен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Цифрлық коммуникациялардың қарқынды өсуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанмен, екінші жағынан қылмыскерлердің құралына айналуда.

Екіжақты диалог барысында алаяқтық схемаларда әлеуметтік платформаларды пайдалану, есірткі сату, порнографияны тарату және басқа да заңсыз ақпарат жариялау сияқты цифрлық ортаның заманауи сын-қатерлері талқыланды.

"ІІМ басшысы мұндай мазмұнды жарияланымдарды тез бұғаттаудың және платформа әкімшілігімен өзара іс-қимылдың тікелей арналарын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Meta өкілі ІІМ бастамаларына қолдау білдірді. Тікелей байланыс арнасы мен бірлескен жұмыс тобын құру және пайдаланушылардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ағартушылық науқандарды бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді", – делінген ведомоство таратқан хабарламада.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар цифрлық қауіпсіздік және интернет-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы әріптестікті нығайту ниетін білдірді.