Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар халықаралық келісімді ратификациялау туралы екі заңды қабылдап, Қылмыстық кодекске және Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізген заң жобаларын қарады. Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Қаржы ұйымдарының ашықтығы артады
Жалпы отырыстың күн тәртібінде алдымен рейтингтік қызмет туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер қарастырылған заң жобалары қаралды. Еліміздегі қаржы нарығының инфрақұрылымын әрі қарай дамыту мақсатында әзірленген құжатты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева таныстырды. Депутат қазіргі кезде елімізде ұлттық рейтингілік агенттіктерді дамыту үшін құқықтық және институционалдық тетіктер қарастырылмағанын айтып, заң жобалары аясында тиісті жағдай жасаудың заңнамалық негізі құрылатынын жеткізді.
– Бұл құжаттарда рейтингілік қызметтің негізгі принциптері, кредиттік рейтингілік агенттіктердің қызметіне талаптар бекітіледі, сондай-ақ өкілетті орган тарапынан оларды реттеу мен бақылаудың режімін айқындау ескерілген, – деді Т.Савельева.
Оның айтуынша, заң жобаларында қарастырылған қадамдар қаржы ұйымдарының ашықтығын арттыру мен оларға деген сенімді көтеруге, тәуелсіз бағалау агенттіктері жұмысының тиімділігін жақсартуға бағытталған. Бұл іс-шаралар рейтингі жоғары бизнес субъектілерінің инвесторларға тартымды болуына, олардың беделін нығайтуға және экономикаға қаражат бөлуді арттыруға ықпал етпек.
Сондай-ақ Мәжілістің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті. Бұл жөнінде депутат Нұртай Сабильянов баяндама жасады.
– Ел өңірлерінде халықпен кездесу кезінде елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, телефон алаяқтарына тосқауыл қою мәселесі жиі көтерілді. Осыған байланысты аталған заң жобасы халықты сапалы әрі жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге, телекоммуникация инфрақұрылымын дамытуға, телефон алаяқтығын анықтауды күшейтуге бағытталған, – деді Н.Сабильянов.
Оның айтуынша, құжатта деректерді әзірлеу орталықтарының инфрақұрылымын дамытуды ынталандыру, телекоммуникация саласындағы озық технологияларды дамыту ескерілген. Сондай-ақ депутат заң жобасы аясында 5 заңға өзгерту енгізу қарастырылып отырғанын жеткізді.
ЮНЕСКО-мен байланыс беки түспек
Жалпы отырыста қабылданған заңдағы түзетулерге байланысты ЮНЕСКО-ның Мұздықтарды зерттеу орталығы еліміздегі жұмысын жалғастыратын болды. Яғни Мәжіліс депутаттары елімізде ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялады. Осы мәселеге қатысты заң жобасын депутаттарға Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Гүлзат Көбенова таныстырды. Бұл заң 2012 жылғы 29 мамырда құрылған Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мәртебесін қайта жалғастыруға мүмкіндік бермек.
– Орталық қызметінің тиімділігін 2023 жылы ЮНЕСКО аудиті растады. Сарапшылар оның Орталық Азиядағы ЮНЕСКО аясындағы жұмыс істейтін жалғыз мамандандырылған гляциологиялық орталық ретінде «ерекше мәртебесі бар» деп атап өтті. Бұл Орталық су қауіпсіздігі саласында Орталық Азиядағы ғылыми жетістіктердің деңгейін арттыруға ықпал етеді, – деді Г.Көбенова.
Орталықтың биік таулы стансалары көпжылдық мониторинг жүргізіп, жаһандық мониторинг жүйелеріне деректерді беруде шешуші рөл атқарады.
Атап айтқанда, «Тұйықсу мұздығы», Үлкен Алматы көлінің аймағы мен «Жусалы-Кезен» сынды негізгі үш биік таулы стансаларда бақылау жүргізіледі. Онда жыл бойы гидрометеорологиялық параметрлер, мұздық массасының балансы, қар жамылғысы, мұздық көлдері, табиғи қауіпті үдерістер және көпжылдық тоң мониторингі жүргізіледі.
Осылайша, Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығына 8 жыл мерзімге 2-санаттағы орталық мәртебесі берілетін болды. Бұл орталық өңірдің гляциологиясы мен су ресурстарын ғылыми тұрғыда зерттеу, білім және үйлестіру қызметін жалғастыра береді.
Сондай-ақ осы Келісім аясында Қазақстан Үкіметінің, ЮНЕСКО-ның және өңір мемлекеттерінің өкілдерін қамтитын Басқарушылар кеңесі құрылмақ. Қазақстан орталық жұмысын жыл сайын кемінде 414 млн теңге көлемінде қаржымен, сондай-ақ ғимаратпен, қажетті жабдықтармен және әкімшілік қолдаумен қамтамасыз етеді.
Ал Францияда қалып қойған отандастарымызды елге қайтару тәртібі жеңілдейтін болды. Мұндай өзгеріс Қазақстан Үкіметі мен Француз Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімде қарастырылған.
– Келісіммен өзге елде болу шарттарын бұзған немесе қиын жағдайға тап болған, яғни құжаттарын жоғалтқан адамдарды өз азаматтығы бар елге қайтару көзделеді. Ел азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттар болмаса немесе Францияда заңсыз жүрсе, оларға қандай да бір санкциясыз (әкімшілік айыппұл салу түрінде) қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте осы елдің уәкілетті органдары азаматтың еліне оралу үшін құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетеді, – деді жалпы отырыста заң жобасын таныстырған Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Оның айтуынша, келісім халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған.
Дәрігерлерге қатыгездік танытқандар қатаң жазаланады
Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда қаралған «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
Заң жобасы қызметтік міндеттерін орындау кезінде медицина қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушілерін күш көрсетуден және қатыгездік танытудан қорғаудың құқықтық негіздерін жетілдіруге бағытталған.
– Заң жобасы 26 қарашада бірінші оқылымда мақұлданды. Негізгі жаңалық – Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бабын енгізу. Бірінші оқылым барысында және жұмыс тобында қызу талқылаулар болды, маңызды ұсыныстар айтылды. Жұмыс тобында осы ұсыныстарды ескере отырып, екінші оқылымға дейін заң жобасын пысықтап, біршама өзгеріс енгізілді. Ең басты өзгеріске тоқталсақ, «күш қолдану», яғни зорлық-зомбылық пен «қорқыту» ұғымдарын ажыратып, оларға берілетін жазаны бөлек қарастырдық, – деді баяндама жасаған депутат Асхат Аймағамбетов.
Осыған байланысты қылмыстық әрекеттерді дұрыс саралау мақсатында «қорқыту» бойынша жаза түрлері біршама жеңілдетілді. Яғни айыппұл мөлшері 500 АЕК емес, 200 АЕК-тен басталады. Қоғамдық жұмыстар 600 емес, 300 сағатқа дейін төмендеді. Ал бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы 3 жыл емес, 2 жылға дейін қысқартылды.
– «Медицина қызметкеріне күш қолдану», яғни нақты зорлық-зомбылық жасау бойынша санкциялар қатаң күйінде сақталады. Біз қолында қаруы жоқ, тек шипалы алақаны мен біліміне сенген дәрігерді қорғауға міндеттіміз. Ашығын айтқанда, бұл заң жобасы тек дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері туралы емес. Бұл заң жобасының түпкі мәнінде дәрігердің жеке басы емес, ұлттың денсаулығы тұр. Сондықтан дәрігерді қорғау дегеніміз – әрбір отандасымыздың денсаулыққа кепілдігін қорғау, – деді депутат.
Осылайша, Мәжіліс депутаттарының бастамасымен Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер аясында медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты күш қолдану немесе күш қолдану қаупін төндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа 380-3-бап енгізілмек.
Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін немесе күш қолданбақ болғаны үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы ұсынылады. Егер ауыр әрекет жасалса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде күшейтіледі.
Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануға қатысты 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ауыр зақым келтірсе, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
Кезек депутаттық сауалдарға келгенде, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектеновке ұлттық бірегейлікті дамыту туралы депутаттық сауалын жолдап, қоғамда азаматтардың ру мен жік-жікке бөлінуі көбейіп бара жатқанын айтты.
– Ата-бабамыздың қайтпас қайсарлығы мен қажымас күресінің нәтижесінде келген Тәуелсіздікті сақтап тұру үшін бізге бірлік, тұтастық, ынтымақ қажет. Алайда кейінгі кездері қоғамда бірлік пен тұтастықты нығайтудан гөрі, халықты жікке бөлуге бейім үдеріс күшейіп келеді. Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атын жазып, оларды «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатылымға шығаруда. Әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті, – деді Е.Саиров.
Осылайша, ол «Ұлттық код» және «мәдени ерекшелік» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қою керектігін ұсынды.
Ал ҚХП фракциясының мүшесі Асылбек Нұралин Премьер-министр Олжас Бектеновке елдегі ішкі туризмді дамыту ісіндегі олқылықтарды айтып, ұсыныстарына тоқталды.
«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев Бас прокурор Берік Асыловқа автомобиль жолдарын жөндеудегі мәселені қозғай депутаттық сауал жолдап, Ақтөбе халқы «Сағашилі – Талдысай» жолын жөндеу жұмыстарының созылып кеткеніне алаңдап отырғанын жеткізді. Мұғалжар ауданы Сағашилі – Талдысай бағытындағы автомобиль жолының орташа жөндеу жұмысына бөлінген қаражаттың игеру заңдылығын тексеруді және фактілер бойынша тексеріс жүргізіп, прокурорлық ықпал ету шараларын қабылдауды ұсынды.