Еліміздің бас қаласы биыл әлеуметтік-экономикалық даму саласында айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Негізгі нәтижелер экономиканың түрлі секторында тұрақты өсуді, стратегиялық бастамаларды тиімді іске асыруды айғақтайды. Жұмыспен қамту деңгейі, тартылған инвес­тиция көлемі, инфрақұрылымды дамыту сынды маңызды көрсеткіштер туралы оң динамика байқалады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы барысын жан-жақты баяндады.


Жыл басынан бері қысқа­мерзімді экономикалық индикатор 118,6%-ды құрады. Ин­вестициялар 2,1 трлн теңгеге жетті, өсім 23,6%, оның ішінде 66%-ы – жеке инвестициялар. Шағын және орта бизнес қала эко­номикасының негізі болып қа­ла береді, сонымен қатар жал­­пы аймақтық өнімнің ­72%-ын, жұмыс орындарының 70%-ын­ қамтамасыз етеді. 73 мың­нан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Жұмыссыз­дық деңгейі 4,3%-ды құрады, бұл республикалық көрсеткіштен 0,3%-ға төмен. 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл бүкіл ел көлемінде тапсырылған тұрғын үй қорының төрттен бірі.

«Халық санының жыл са­йынғы өсімі жергілікті ат­қа­рушы билікке үлкен жауап­кер­шілік жүктеп отыр. Қараша ­айында халық саны 1,6 млн адамнан асты. Орта есеппен елорда тұрғындары жыл са­йын шамамен 7%-ға немесе 100 мың адамға артады. Ішкі көші-қон есебінен елордаға күніне 200 мыңнан астам адам келеді. Сондай-ақ 100 мыңға жуық тіркелмеген азамат бар. Тұрғындар санының артуы инфрақұрылымның да жан-жақты дамуын талап етеді. Өздеріңіз білетіндей, екі жыл бұрын қала су мен жылу қуа­тының жетіспеушілігіне тап болды», деген қала басшысы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың ретін мәлім етті.

Айталық, №3 сорғы-сүз­гі стансасы мен Астана суқой­ма­сынан екінші су құбыры желі­сінің аяқталуының арқасында қосымша тәулігіне 60 мың текше метр ауызсу қамтамасыз етілді. Жалпы алғанда, қаланың су тұтыну көлемі тәулігіне 350 мың текше метрді құрайды. Биыл төртінші сорғы-сүзгі стансасының құрылысы басталды, ол қаланы алдағы ондаған жыл бойы тұрақты сумен жаб­дықтауды қамтамасыз етеді.

«Бірінші кәріз-тазарту стансасының да қуаты артып келеді. Индустриялық парк, Көктал, Өндіріс тұрғын алаптарында жергілікті кәріз-тазар­ту құрылғылары жобаларын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жобаларды 2027–2029 жылдар аралығында аяқтап, су бұру мәсе­лесін толықтай ше­ше­міз», деді Ж.Қасымбек.

Жаңа жылу көздерін енгізу жылу жүйесінің қуатын 34%-ға арттырды. Жылыту маусымы штаттық режімде, қалыпты өтіп жатыр. Жылу қуаттарын сақ­тап қалу мақсатында жаңа «Тельман» газ жылыту стан­сасының құрылысы жүр­гізі­леді. Сондай-ақ екінші жылу электр орталығын кеңейтуге да­йын­дық, үшінші жылу орта­лы­ғының келесі кезегін жос­парлау басталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елорданы газ­дандыру аяқталып келеді. Қаланың 95%-ы қамтылып, газ 14 тұрғын алапқа жеткізілді. Келесі жылы 100%-ға жетеді.

«Таза Қазақстан» жалпы­ұлттық акциясын жүзеге асыру жүйелі жалғасып жатыр. Жыл бойы 328 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылып, 120 мың тоннадан астам қалдықтар шы­ғарылды. Келесі жылдың екін­ші тоқсанында шетелдік инвес­торлармен бірлесіп, тәулігіне 2 250 тоннаға дейін қоқыс жағатын зауыт салуға кірісеміз, кәсіпорын электр энергиясын да өндіреді. Зауыт 2028 жылы іске қосылады», деп атап өтті қала әкімі.

Астанадағы күлбілтелі мәсе­­ле­нің бірі – көлік жүйесі, қала жол­дарындағы кептеліс, күнделікті жолаушылар тасымалы. Елордада 437 мың автокөлік тіркелген. Оған қо­сымша күніне 90 мыңнан астам транзиттік көлік құ­рал­ы кіреді. Мәселені ше­шу мақсатында жол-көлік ин­фра­­құрылымын жақсарту жө­нін­дегі нақтылы Жол картасы әзір­ленген. Қазірде жолаушылар көлігіндегі жүргіншілер саны – 43%. Әкімдік бұл көрсеткіш­ті 65%-ға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Биыл 422 автобус са­тып алынды, автопарк 1 749 бірлікке дейін өсті.

Қалың бұқараның айрық­ша назарындағы ЛРТ жұмы­сы тестілік режімде жұмыс істеп жатыр. Жыл аяғына дейін бар­лық вагон жеткізіледі. Стансалардың ішін әрлеу жұмыс­ы аяқталып келеді. Екі айдың ішінде дайындық то­лық тиянақталады. Келер жылы ЛРТ жолаушылар тасымалдай бастайды.

Биыл 14 км жаңа жол салынды, 60 км жол жөндеуден өтті. Қаланың интеллектуалды көлік жүйесі белсенді дамып келеді. Бағдаршамдар­дың 40%-ы автоматты режімде жұмыс істейді. 2026 жылы бұл көрсеткіш 82%-ға жетеді.

Жүктемесі жоғары мектептер мәселесі кезең-кезеңімен ше­шіліп келеді. Биыл 9 мектеп пайдалануға берілді. 2026 жылға жалпы қуаттылығы 16 мың оқушы орнына есептел­ген тағы 12 мектептің құрылы­сы жоспарланған. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігі аясында жаңа балабақшалар ашылып жатыр.

Медициналық инфра­құрылым тапшылығы әлі де сақта­лып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында Есіл, Нұра аудандарында екі емхана, Алматы ауданында перинаталдық орталық, жаңа көпсалалы қалалық аурухана, Есіл ауданында балалар­ға арналған травматологиялық пункттің құрылысы басталады. Қалалық №2 аурухана­ның қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Сарыарқа ауданында перинаталдық орта­лық салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Спорттық нысандар желісі қарқынды дамып келеді. Ор­талық саябақта Инклюзивті спорт орталығы мен Шаңғы базасы ашылмақшы. «Қазақ­стан» спорт сарайы мен Қ.Мұңайт­пасов атындағы стадионды қай­та жаңғырту жұмысы жал­ға­сып жатыр, олардың аяқталуы келесі жылға жоспарланған.

«Жұмысымыздың ең ма­ңызды бағыттарының бірі – қала­лық ортаны абаттандыру, көгалдандыру. Осы мақсатта мы­­надай бағдарламалық құ­жат­тар әзірленді: елорда­ның брендбугі, Көгалдандыру жар­ғысы, «Бақшалы қала», «Жаңа келбет», «Жайлы аула», «Рено­­вация». Олар қалалық кеңіс­тікті дамытудың барлық бағытына қатысты біртұтас тәсілдерді айқындайды», деп атап өтті Ж.Қасымбек.

Жекеменшік инвесторлар тарту арқылы қанатқақты жоба аясында ескі тұрғын үй қорын қайта жаңғырту жұмысы бас­талды. Бұл алдағы жылдары, әсіресе, ескі үйлері бар аудандарды жаңартуға мүмкіндік береді. Мысалы, Байқоңыр ауданында инвесторларға ре­новация­ға арналған 21 жер учаскесі бөлінген. Келесі жылы осы жерде Асан қайғы көше­сін салу жоспарланып отыр. Биыл 170 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, 1,1 млн-нан астам жасыл желек отырғызылды. Жұмыс қаланы көгалдандыру тұжырымдамасына сәйкес жүр­гізілді.

«Біз жекелеген абаттанды­рудан көшіп, «фасадтан фа­сад­қа» қағидатымен көше­лер ке­ңістігін кешенді қалыптас­ты­руға бағыт ұстанып отырмыз. Мұнда жаяу жүргінші­лер, велосипедшілер, көлік қоз­ға­лысы, жарықтандыру, навигация, көгалдандыру ескеріледі», деді қала әкімі.

Сонымен қатар инклюзивті ортаны дамытуға басымдық беріліп, барлығына қолжетім­ді, тең жағдайлар жасалып жатыр. Биыл ашылған «Greenline гүлзары» жобасының бірінші кезеңі осы тәсілдің үлгісі болды. Жолдың орнына жаңбыр бақтары мен жасанды тоған­да­ры бар жаяу жүргіншілер айма­ғы құрылды. Спорттық жаға­лау мен Ататүрік жағалауын абат­тандыру аяқталды. Ақ­бұлақ арнасы арқылы жаяу жүр­­­гіншілер көпірі салынып жатыр. Бейбітшілік пен келісім паркі, Ақорда алдындағы алаң, Сығанақ көшесі, Мәңгілік ел даңғылы жобалары күнделікті пайдалануға ыңғайлы кеңіс­тік­терге бағытталған.

«Жылды қорытындылай келе, алда әлі де ауқымды іс­тер атқару керектігін терең тү­сі­неміз. 2026 жылы қала­ның экономикалық өсімін қам­та­масыз ету, елорданың көлік жү­йесін күшейту, әлеуметтік инфра­құрылымды дамыту мін­деті тұр», деп түйіндеді баян­дамасын қала әкімі.

Баспасөз мәслихатының соңында бас қаланың басшысы бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерінің сан салалы сұрағына мұқият жауап берді.