"Ақ жол" партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтың Кәсіпкерлерлікті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі туралы ЖАП Есебін талқылауда сөйлеген сөзі

***

«Ақ жол» фракциясының пікірінше, нарықтық экономикада кәсіпкерлікті қолдаудың басты мақсаты — бұл құбылысқа бұқаралық сипат беру керектігінде, яғни, әрбір белсенді азамат немесе азаматтар тобы өзінің жеке әлеуетін жүзеге асыруға және мемлекеттен көмек күтпей-ақ ұлттық табысты қайта бөлуде өз үлесін алуға мүмкіндік алғаны жөн.

Ол үшін мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі және өз ісімен айналысқысы келетін кез келген адамға түсінікті болуы қажет.

Алайда, Есепте айтылғандай, бүгінде түрлі мемлекеттік органдар 100-ден астам шараны жүзеге асырып жатыр, онда өзге түгілі әзірлеушілердің өзі де шатасады.

Соңғы 10 жылда ШОБ саны жыл сайын 2 миллионға дейін өсіп келе жатқанымен, Үкіметтің бизнестің бөлшектенуімен «күресі» және жаңа Салық кодексіндегі басқа да жайттардың аясында олардың 205 000-ы жабылып қалған, келесі жылы тағы бірнеше мың субъекті жабылады деп күту керек.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір мақсаты бизнесті шағыннан ортаға және одан жоғары деңгейге «өсіру» болуы керек, бұл кірістіліктің күрт өсуін, инвестициялардың кеңеюін және жаңа жұмыс орындарының ашылуын білдірер еді.

Дегенмен, орта бизнестің үлесі соңғы онжылдықта экономикаға қосқан үлесі шамамен 7% болғанына қарамастан, 0,2% деңгейінде қалды, бұл олардың тиімділігінің әлдеқайда жоғары екенін білдіреді. Осылайша, орта бизнесті ЖІӨ-дегі ЖҚҚ-ның 15%-ына дейін өсіру жөніндегі Ұлттық жоспарда қойылған мақсат орындалмады.

Есепте сондай-ақ өндіріс, сауда және ауыл шаруашылығы салаларындағы ШОБ жалпы өнімінің үлесі төмендегені тіркелген, бұл экономикалық әртараптандырудың баяулауын және осы салаларға мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз әсерін көрсетеді.

Анығында, ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 2015 жылдан бері шамамен 40%-ға өсті және 4,4 миллион адамды немесе жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 48%-ын құрады.

Бұл көңіл қуантады, бірақ жаңа Салық кодексінің шағын бизнестің АСР бойынша келісімдерін шектеу шаралары жұмыспен қамтуға қалай әсер ететіні және Үкіметтің кеше жарияланған шағын бизнесті қолдаудың жаңа бағдарламасы бұл шығындарды қаншалықты өтей алатыны да белгісіз.

Айтпақшы, осы жаңа бағдарламаның алдағы нәтижелілігін бағалаған кезде, ЖАП аудитінің көңіл көншітпейтін нәтижелерін ескеру қажет:

● Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары экожүйесінің архитектурасы қалыптаспаған. Мемлекеттік органдар арасындағы функциялар мен жауапкершілік олардың қайталануы мен қабаттасуы салдарынан түсініксіз болып отыр.

Шаралар бөлшектеніп жүзеге асырылады, ал әлеуетті қызмет алушылар үшін «бір терезе» қағидаты қамтамасыз етілмеген.

Шаралардың тиімділігін бағалау формалды болып қалуда. Басымдық сандық көрсеткіштерге берілген, ал сапалық әсерлер (өнімділіктің, қосылған құн және экспорттық әлеуеттің артуы) көп жағдайда есепке алынбай, белгілі бір мақсат ретінде қарастырылмайды.

eGov Mobile электронды үкіметі жүргізген әлеуметтік сауалнама көптеген кәсіпкерлер бизнестің дамытуына мемлекеттік қолдаудың айтарлықтай әсері жоқ деп санайтындығын көрсетті.

Шынында да, бұл шаралардың нәтижелері бір-біріне қарама-қайшы.

● Мысалы, 2022 жылдан бері «Даму» қоры арқылы 66 мың бірегей алушы несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялаумен қамтылды, яғни, барлық ШОБ субъектілерінің 3% ғана.

Бірақ мұндай мемлекеттік қолдауды алғандардың орташа табысы артқанның орнына 33%-ға төмендеді (2020 жылы — 385 миллион теңге, 2024 жылы — 258 миллион теңге).

Субсидиялардың әрбір 1 теңгесіне төленген салықтар 70%-ға азайды (2020 жылы — 5,2 теңге, 2024 жылы — 3 теңге).

15% жағдайда (яғни, әрбір алтыншы жағдайда) несиелік субсидиялар бағдарлама шарттарына сәйкес келмейтін жобаларға берілген, яғни, операторлар бюджет қаражатын нақты алуы керектерге емес, қалағандарына таратқан. Президент Қ. Тоқаев айтқандай, «достарға бәрі, қалғандарына заңға сәйкес беріледі».

● Мемлекеттік қаржыландыру есебінен инженерлік инфрақұрылым тартып берген тексерілген жобалардың 79%-ы инвестициялық міндеттемелерін орындамаған. Мысалы, Павлодар облысында 2020 жылдан бері «Павлодар-Сода» ЖШС үшін инфрақұрылымға 2,5 миллиард теңге жұмсалды, бірақ зауыт салу әлі жоспарланбаған.

Ақтөбе облысындағы «Актеп» ЖШС 2015 жылдан бері 11,6 миллиард теңге көлемінде қолдау алған.

Белгілі бір "қалаулылар" ғана ондаған жылдар бойы мемлекеттік қолдау алып отыратын мұндай мысалдар әр аймақтарда жетіп артылады. Жемқорлықпен күрес органдары бұл ақпараттарды жұмысқа алуы керек деп ойлаймын.

● Мемлекеттік қолдаудың қаржылық емес шараларының операторы — "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ал оператор қызметтерінің құнын бюджеттік бағдарламалар әкімшісі тиісті бағалау жүргізбестен, ҰКП өзі анықтайды.

Бұл қызметтердің кейбіреулері (заңгерлік, қаржылық кеңес беру және т.б.) бәсекеге қабілетті нарықта кеңінен ұсынылған, яғни қолдау көрсетудің орнына бизнес үшін әділетсіз бәсекелестік туындауда.

ЖАП көптеген қызметтер үлкен көлемде бір адамдарға ғана көрсетіліп, мамандармен отбасылық байланыстар айқын көрінетінін атауда. Мұндай кеңестердің әсері бизнестің сапасына емес, қаражатты «игеруге» көбірек әсер етеді.

Мемлекеттік органдардың жағдайы да жақсы емес.

● Осылайша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2023 жылы «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-на өңдеу өнеркәсібін қаржыландыру үшін бөлінген 35 миллиард теңгенің пайдаланылуын бақыламаған.

● BV Management ЖШС қаржыландыру бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау кезінде ашықтық қамтамасыз етілмеген, ал әлеуетті инвестициялық жобаларды іздеудің негізгі көздері жүйелі жұмыстың орнына BV Management ЖШС менеджерлерінің жеке байланыстары болып табылады. Тағы да президенттің «Бәрі достар үшін» деген сөздері еске түседі.

● 2023 жылы отандық өнімдерді ішкі нарықта ілгерілетуге бюджеттен шамамен 2 миллиард теңге бөлінді, оның 3%-ы игерілген.

Қалған сома – 1 миллиард 930 миллион – «QazIndustry» АҚ банк шотында жатыр. Шенеуніктер отандық өндірушілерді осылай қолдайды. Мемлекет бөлген қаражатты да компанияларға таратқысы келмейді. Бәлкім, өздеріне премиялар да тағайындап жүрген шығар.

● ӘКК аудитінің нәтижелері жеке бір "ән", онда Жоғарғы Есеп палатасы 138 миллиард теңгеге қаржылық, 342 процедуралық және 27 жүйелік бұзушылықтарды анықтады.

«Ақ жол» фракциясы ӘКК қызметін нәтиже бермегені және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің шоғырланғаны үшін ұдайы сынға алып келді.

ӘКК қызметі тиісті заңнамамен реттелмеген, бұл олардың басшылығына мемлекеттің қаржылық және әкімшілік ресурстарын өз қалауы бойынша пайдалануға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, ӘКК банк лицензиясы болмаса да белсенді түрде бюджеттік несиелер беріп келеді; сауда және сатып алу қызметімен айналысып, кен орындары мен жер учаскелеріне иелік етеді.

ӘКК 20 жылдық жұмысы аймақтардың дамуына қажетті көлемде әсер ете алмады. Табысты инвестициялық жобалар сирек кездеседі және үлкен бюджеттік қаржылары ғана байланысты.

Қазіргі уақытта ӘКК бюджет қаражатын бөлуде делдалдар ретінде қызмет етеді, оның өзінде адал емес: дамуы бағдарламалары қаржыларын банк шоттарында орналастыра отырып, ӘКК еш тәуекелге бармайды, артық жұмыс істемей, бонустар мен премиялар үшін қосымша табыс алады.

Жоғарғы Есеп палатасы жүргізген ӘКК қаржылық-экономикалық қызметін талдау Тобыл мен Ертіс ӘКК қоспағанда, ӘКК бәсекеге қабілетті емес және айтарлықтай қарыз міндеттемелерімен ауыртпалыққа ұшырағандығы туралы қорытындыны растайды.

Осының аясында өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру аудитінің нәтижелері позитивті көрінеді. Мұнда ЖІӨ-дегі инновациялық өнімдердің үлесін қоспағанда, көптеген көрсеткіштер бойынша сапалы өсім байқалады, мұны ұлттық экономика алдындағы сын-тегеурін деп қабылдау керек.

Жалпы алғанда, мемлекеттік қаржыландыруды пайдалану және ең бастысы, одан түсетін кірістілік күткен нәтижелерге сәйкес келіп, алдағы уақытта да өсу әлеуетін көрсетеді.

Сонымен қатар, белгілі бір алаңдаушылық тудыратын салалар бар — мысалы, «Бәйтерек» холдингінің әрбір 1 триллион теңге мемлекеттік инвестиция үшін жыл сайын кемінде 7 триллион теңге жеке инвестиция тарту мүмкіндігі. Үш жылдық бюджетті қарау кезінде бұл мәселе бойынша ешқандай дәйекті дәлелдер келтірілмеді, оны қазіргі уақытта да көріп отырған жоқпыз.

Мүмкін, кейбір депутаттар бұл қаражатты шартты түрдегі бірлесіп қаржыландыру үшін жеке банктерге аударудың орындылығы туралы пікірі әлдеқайда прагматикалық болар еді.

Оған қоса, ірі металлургиялық компаниялардағы акционерлердің ауысуы туралы талқылаулар аясында несиелерге сұраныс пен инвестициялық белсенділіктің күрт артуын күтуіміз керек, бұл үлкен қаражатты, бәлкім, ондаған триллиондар тартуды қажет етеді.

Біз ұлттық инвесторлардың стратегиялық салаларға кіруін қолдаймыз; жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі.

Дегенмен, бірнеше компанияны қолдау өнеркәсіптік ынталандырудың барлық ауқымын әлсіретпеуі керек, себебі мемлекеттің басты мақсаты экономиканы әртараптандыру және бірінші кезекте, шикізатқа тәуелділіктен бас тарту.

Сондықтан, бұл саладағы саясат нарықтық, яғни, ашық және бәсекеге қабілетті қағидаттарға негізделуі керек.

ЖАП есептерін қорытындылай келе, «Ақ жол» фракциясы Үкіметтің орталықта да, әсіресе жергілікті деңгейде де кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жұмысын жеткіліксіз деп санайды. Үкіметке осындай кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларын бұған дейін болғандай билік партиясымен ғана емес, бүкіл көппартиялы парламентпен бірігіп атқаруды ұсынамыз.

Мұндай қолдау бағыттарын айтарлықтай қайта құру, соның ішінде нақты жүйелеу мен үйлестіру, рәсімдер мен бағыттарды қысқарту, бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты тудыратын элементтерді жою қажет.

Өнімділікті және қосылған құнның артуы, ішкі сұранысты ұлғайту, жаңа нарықтарға шығу және кәсіпорындардың кірістері мен бюджетке төленетін салықтарын арттыру түріндегі экономика тәртібін өзгертетін сапалы мақсаттарды қоя білу керек.

Біздің ойымызша, барлығын қолдауға ақша шашудың орнына, тиімді ШОБ дамытуға, әділ жағдайлар жасауға және мемлекеттің араласуын азайтуға назар аударуымыз керек.

Кейде тым көп және тым тиімсіз түрде қаржыны шаша бермеу үшін, оны өзі де ақша таба алатын және табысын шенеуніктерге қарағанда жақсы басқара алатындарға көбірек қалдыру керек.

Жоғарғы аудит палатасының мемлекеттік органдардың өзгермелі үрдістерді реттеудегі артта қалуын маңызды мәселе ретінде атап өтуі кездейсоқ емес.

Осы жұмыста табысқа жетуді, экономикадағы және кәсіпкерлердің тағдырындағы өзгерістерге жедел жауап беруді тілейміз.

Назарларыңызға рахмет.