Отшашудың дүрсілі, ысқырығы мен жарылысы – Жаңа жыл мерекесінің ажырамас бөлігі. Алайда бұл көрініс бізді қуантқанымен, үй және жабайы жануарлардың дегбірін қашырады. Мұны ғалымдар да растап отыр. Олар тіпті отшашудың жануарларға тигізетін нақты зиянын дәлелдейтін деректерді де жинақтаған. Бұл туралы el.kz хабарлайды.
Кез келген жануар қатты дыбыстан қорқады
Қатты дыбыстардан қорқу – барлық жануардың эволюциялық дамуында қалыптасқан табиғи қорғаныс тетігі. Қауіпті жағдайдан дер кезінде қашу тірі қалу мүмкіндігін арттырады. Мысалы, найзағайдың күркірегенінен немесе құлаған тастардың дыбысынан тығылып үлгеру жануарға өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Ал мерекеде аспан қызылды-жасылды түске боялған шақта жануарлар тығылатын жер таппай қалады.
Өкінішке қарай, отшашудың жануарларға нақты қалай әсер ететіні туралы зерттеулер аз. Себебі мұндай құбылысты дәл сол сәтте бақылау өте қиын. Дегенмен бар деректердің өзі алаңдатарлық жағдайды көрсетіп отыр.
Жануарлардың қорқынышын дене реакциясынан байқауға болады
2022 жылдың шілдесінде австриялық және британиялық ғалымдар жүргізген зерттеу жаңа жылдық фейерверктердің жабайы жануарларға тигізетін физиологиялық әсерін алғашқылардың бірі болып дәлелдеді. Зерттеу Австрияның ауылдық аймағындағы жабайы сұр қаздардың Жаңа жыл түніне әсерін талдауға арналған.
Ғалымдар 20 қазға жүрек соғу жиілігі мен дене температурасын тіркейтін арнайы құрылғылар орнатқан. Бұл көрсеткіштер жануардың эмоциялық күйін анықтауға мүмкіндік береді: пульстің жиілеуі мен температураның көтерілуі – күйзелістің айқын белгісі. Ал ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде сақталатын күйзеліс жануардың жалпы жағдайының нашарлағанын көрсетеді.
Жаңа жыл түнінде қаздар мазасызданған
31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында жүргізілген зерттеу барысында жүрек соғу жиілігі мен дене температурасы әр сағат сайын тіркеліп, желтоқсан мен қаңтардың орташа көрсеткіштерімен салыстырылған. Фейерверктер шарықтау шегіне жеткен Жаңа жылдың алғашқы сағатында қаздардың физиологиялық көрсеткіштері күрт артқан.
Желтоқсандағы орташа мәнмен салыстырғанда, қаздардың жүрек соғу жиілігі сағатына 63 соққыдан 124 соққыға дейін, яғни 96 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш тек түнгі 2 мен 3 аралығында ғана қалпына келген. Дене температурасы да 38°C-тан 39°C-қа көтеріліп, таңғы 5 шамасында ғана төмендеген.
Мұндай реакция фейерверк кезінде қаздардың ұшып кетуімен байланысты. Олар ұя салған аумақтың үстінде ұзақ уақыт айналып, тек кейін қайта қонған. Бұл олардың түнгі тыныштығын бұзып, әсіресе қыста азық тапшы кезеңде аса қажет энергияны босқа жұмсауына себеп болған.
Құстар мен аңдарға тигізетін зияны
Бұл зерттеу басқа ғылыми еңбектермен де үндеседі. Мәселен, Нидерландта 2007-2010 жылдар аралығында жаңа жылдық отшашудан кейін мыңдаған құс 500 метр биіктікке көтеріліп, 45 минут бойы ауада қалықтаған. Бұл – олардың күндізгі әдеттегі ұшу биіктігінен бірнеше есе жоғары.
2021 жылы Римде Жаңа жыл тойланғаннан кейін жүздеген өлі қараторғай табылған. Қатты дыбыс құстарда үрей туғызып, олардың кедергілерге соғылуына немесе үйірінен адасып қалуына себеп болған. Ұзаққа созылатын шу жабайы жануарларда созылмалы күйзеліс, көбею қабілетінің төмендеуі және көшу бағыттарының өзгеруіне әкеледі.
Үй жануарлары да қатты қорқады
2019 жылы жүргізілген зерттеуде ит иелерінің 52 пайызы үй жануарларының фейерверктен қатты қорқатынын айтқан. Иттерде бұл қорқыныш демігу, қалтырау, тығылуға немесе қашуға ұмтылу арқылы байқалады. Мұндай сезімталдық ерте жаста қалыптасуы мүмкін немесе генетикалық себепке де байланысты болады. Ғылыми еңбектер фейерверктерден мысықтар, жылқылар, қояндар мен теңіз шошқаларының да қорқатынын көрсеткен.
Отшашуды немен алмастыруға болады?
2021 жылы халықаралық Centre Parcs қонақүй желісінің британиялық бөлімшесі жабайы табиғатты қорғау мақсатында фейерверктерден біржола бас тартты. Оның орнына демалыс үйлерінің айналасындағы ормандарды жарық инсталляцияларымен безендіріп, «сиқырлы бақ» атмосферасын қалыптастырды.
Ал 2022 жылдың қаңтарында Англияның Херефордшир графтығы тұрғындардың жануарлардың жағдайына алаңдауына байланысты дыбысы зор отшашуға тыйым салды.
Қазір фейерверктерге балама ретінде лазерлік және дрон-шоулар кеңінен қолданылуда. Мұндай іс-шаралар нарығы 2027 жылға дейін 18 пайызға өседі деп болжанады.
Қазақстандағы тыйым
Қазақстанда да отшашуға қатысты тыйымдар бар. Оны елемегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Қолданыстағы ережеге сәйкес, отшашуды тек арнайы белгіленген, ашық аумақтарда ғана атуға рұқсат етіледі. Мұндай орындар тұрғын үйлерден кемінде 50 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Сонымен қатар айналасында ағаштар, электр желілері немесе отшашу тиіп кетуі мүмкін басқа да кедергілер болмауы қажет.
Егер бұл талаптар бұзылса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 436-бабына сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. 2025 жылғы есеп бойынша бұл сома 78 640 теңгені құрайды. Сондай-ақ отшашуды 16 жасқа толмаған балалардың қолдануына тыйым салынған. Мұндай жағдайда ата-аналары немесе заңды өкілдері дәл осындай мөлшерде айыппұл төлейді.
Отшашулардың басым бөлігі 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні, яғни жаңа жыл басталғаннан кейін атылатынын да ескерген жөн. Ал 2026 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты айыппұл көлемі де артады. Осылайша, рұқсат етілмеген жерде отшашу атқандар 86 500 теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз