Вирус Шығыс Еуропадан келген науқастан табылған.


The Jerusalem Post басылымы симптомдар пайда болғаннан соң ол адамның дәрігерлер көмегіне жүгінгенін жазады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, Израиль аумағында хантавирусты жұқтырудың алғашқы жағдайы анықталып отыр.
Басылым дерегінше, пациент бірнеше ай бұрын Шығыс Еуропа елдерінің бірінде вирустың еуропалық штамын жұқтырып алған.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты деп бағалануда. Ол жансақтау бөліміне жатқызылмаған және қатаң оқшаулауды қажет етпейді. Дәрігерлер науқастың жағдайын бақылауда ұстап отыр.

Басылым аталған жағдай қазіргі уақытта әлемдік БАҚ назарын аударып отырған MV Hondius круиздік кемесіндегі Оңтүстік Америкада таралған Andes штамынан өзгеше екенін жазады.
Мамандардың сөзінше, дәл осы Andes штамы – аса қауіпті түрлердің бірі. Сирек жағдайда ол адамнан адамға тығыз әрі ұзақ байланыс кезінде жұғуы ықтимал.

Осыған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Аргентинадан шыққан круиздік кемедегі 8 науқастың бесеуінен хантавирус расталғанын хабарлаған еді.