Бұл туралы Қостанай облысының прокуратурасы хабарлады.


Бейімбет Майлин ауданы прокуратурасы өнеркәсіптік нысандардың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауына жүргізілген талдау барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтадыдеп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Прокуратура мәліметінше, эпидемиялық маңызы жоғары 11 кәсіпорын, оның ішінде асфальтбетон зауыты, ірі элеватор және жер қойнауын пайдаланушы компаниялар бірнеше жыл бойы санитарлық-қорғау аймақтарынсыз және санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген.

Санитарлық-қорғау аймағы өндірістік нысандарды тұрғын үйлерден бөліп, зиянды факторлардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерін азайтуға арналған.

Қадағалау органы мұндай аймақтардың болмауы тұрғындардың денсаулығы мен экологиясына қауіп төндіретінін атап өтті.

Прокурор қаулылары негізінде барлық кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қысқартылған тәртіппен салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 6,3 млн теңгені құрады.

Прокуратура араласқаннан кейін кәсіпорындар санитарлық-қорғау аймақтарын белгілеу жобаларын әзірлеу және қажетті қорытындылар алу жұмыстарын бастаған. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі заңбұзушылықтар жойылғанға дейін жедел ден қою шараларын қабылдады.

Сонымен қатар уақтылы бақылау жүргізбегені үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.