Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов, Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Жеңіс күніне орай Астанадағы "Отан Ана" монументіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Шараға қатысушылар соғыс жылдарында қаза тапқан қазақстандық майдангерлерді, тыл еңбеккерлерін және соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жеңіс күні бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын, ұрпақтар сабақтастығы мен татулықты және ел тыныштығын сақтау жауапкершілігін жадымызда жаңғыртатын тарихтағы ең атаулы күндердің бірі болып қала береді.
Айта кетсек, бүгін таңертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады.