Биыл – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 81 жыл.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Бүгін біз майдан даласында Отан үшін от кешіп, ерлік жасаған жауынгерлерге және тылда табанды еңбек еткен ардагерлерге шынайы ризашылық сезіммен тағзым етеміз. Қасіретті жылдардың барлық ауыртпалығын қайыспай көтеріп, Жеңіске жеткен аға буынға айрықша құрмет көрсетеміз. Еліміз ортақ Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған отандасымыз жанқиярлықпен шайқасты, аянбай жұмыс істеп, әскерді керек-жарақпен қамтамасыз етті. Жүзден астам жерлесіміз "Даңқ" орденінің толық кавалері атанды, бес жүз адам Батыр атағын алды, ондаған мың азамат жауынгерлік ерлігі және қажырлы еңбегі үшін марапатталды", – деді мемлекет басшысы.
Президент жаужүрек сардарлар мен сарбаздардың құрметіне мемориалдар орнатылды, кітаптар шығарылып, фильмдер түсірілді, сондай-ақ көшелерге, мектептерге, музейлерге, әуежайларға, әскери бөлімдер мен институттарға ел қорғаған ерлердің есімі беріліп жатқанын атап өтті.
"Қаһарман ардагерлеріміздің ерен ерлігінің мән-мағынасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі буынның қасиетті парызы. Біз ержүрек майдангерлердің қайтпас қайсарлығы мен асқақ рухының арқасында дербес әрі бейбіт елде өмір сүріп келеміз, сондай-ақ, төл мәдениетімізді дамытып, қазіргі заманның игілігін сезініп отырмыз. Қазақстанды бүкіл әлем біледі және құрметтейді. Біз жаңа Конституция ережелеріне сәйкес Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ата заңымыз ешкімді ұлтына, наным-сеніміне қарай бөліп-жармайды, барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бірдей қорғайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз:
- Астанада Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері қанша теңгеден алады?
"Әкемнің жүргізуші куәлігі жамандықтан сақтайтындай": Тұңғыш қазақ шопыр, ҰОС ардагері Тасболат Ақышев туралы