Бөлімдер
Шұғыл

Шакира Қазақстанға келе ме

Шакира Қазақстанға келе ме
Фото: instagram.com/Shakira, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Колумбиялық әнші Шакираның Орталық Азиядағы алғашқы концерті Бішкекте өтетіні белгілі болды. Әлемдік жұлдыз 18 қазанда 51 мың көрерменге арналған жаңа Bishkek Arena стадионында Las Mujeres Ya No Lloran World Tour аясында өнер көрсетеді. Билет сатылымы 1 қазанда басталады, бағасы 12 мыңнан 40 мың қырғыз сомына дейін жетеді.

Осы жаңалықтан кейін қазақстандық жанкүйерлер арасында «Шакира Қазақстанға да келе ме?» деген сұрақ қайта көтеріле бастады. Себебі биыл көктемде Алматыда Шакира мен Eminem концерт өткізуі мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда сол кезде нақты келісімшарт жасалмаған және концерт күндері бекітілмеген еді.

Шакираны әкелу $10 млн-ға дейін жетуі мүмкін

Қырғызстандық продюсер Ислам Сатаров бұған дейін Шакираның Бішкектегі концертін ұйымдастыруға кететін шығын туралы айтқан. Оның бағалауынша, әншінің гонорары шамамен 6–7 млн доллар, ал логистика, техникалық жабдықтау, ұшу, қонақүй және өзге шығындарды қосқанда жобаның жалпы құны 10 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл – нақты келісімшартта көрсетілген сома емес, продюсердің бағалауы.

Бұл Қазақстан үшін де маңызды фактор. Freedom Events бас директоры Виктория Торгунакова бұған дейін «Курсивке» берген сұхбатында әлемдік деңгейдегі әртістер Қазақстандағы концерттері үшін көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары гонорар сұрайтынын айтқан еді.

Оның сөзінше, қазақстандық промоутерлердің әлемдік жұлдыздардың менеджментіне тұрақты түрде ұсыныс жіберуі сұранысты жасанды түрде арттырады. Нәтижесінде агенттер Қазақстан нарығына жоғары баға қоя бастайды.

Қазақстанда стадион мәселесі бар

Шакира секілді әртістің концертін Қазақстанда өткізудегі тағы бір мәселе – үлкен стадионның сыйымдылығы.

Бішкектегі жаңа арена 51 мың көрерменге арналған. Ал Алматыдағы Орталық стадионның қазіргі сыйымдылығы – 23 804 орын.

Астанадағы ең ірі футбол аренасы – Astana Arena. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының дерегінше, оның трибуналары 30 200 көрерменге есептелген.

Яғни Бішкектегі стадион Алматыдағы Орталық стадионнан екі есе, ал Astana Arena-дан шамамен 20 мың орынға үлкен.

Бұл айырмашылық концерт экономикасына тікелей әсер етеді. Егер әртістің гонорары мен концертті ұйымдастыру шығыны бірнеше миллион доллар болса, ұйымдастырушы бұл ақшаны негізінен билет, демеушілік және коммерциялық серіктестік арқылы қайтаруы керек. Көрермен саны азайған сайын әр билетке түсетін қаржылық салмақ артады.

Eminem жағдайында 80 мың көрермен туралы айтылған

Ұқсас мәселе бұған дейін Eminem-нің ықтимал концертіне қатысты да көтерілген.

Freedom Events басшысы Виктория Торгунакованың есебіне сәйкес, Eminem секілді деңгейдегі әртістің Қазақстандағы концерті шығынын ақтау үшін шамамен 80 мың көрермендік алаң қажет болуы мүмкін. Оның есебінше, мұндай жағдайда да ең арзан билеттің құны шамамен 500 доллар, яғни 240 мың теңгеден жоғары болуы ықтимал.

Шакираның жағдайында дәл осындай 80 мыңдық талап бар деп айтуға болмайды. Дегенмен Сатаров атаған 6–7 млн доллар гонорар мен 10 млн-ға дейінгі жалпы шығынды ескерсек, Алматы мен Астанадағы қазіргі стадиондардың сыйымдылығы ұйымдастырушылар үшін жобаның экономикасын күрделендіретін фактор болуы мүмкін.

Шакира Қазақстанға келе ме?

Қазір Шакираның Қазақстанда концерт беретіні ресми түрде жарияланған жоқ. Дегенмен қазақстандық продюсер, Astana Concert өкілі Мәлік Хасеновтің әлеуметтік желідегі жауабы жанкүйерлердің үмітін қайта оятқандай. Оқырмандардың бірі одан Шакирамен келіссөз жүріп жатқанын және әншінің Қазақстанға келу ықтималдығын сұраған. «Егер Қазақстанда концерт болса, Бішкекке билет алмай күтер едім» деген пікірге продюсер қысқа ғана: «Күтіңіз» деп жауап берген.

Сондықтан әншінің Қазақстанға келуін жоққа шығаруға болмайды, бірақ қазіргі деректерге сүйенгенде оның Алматы немесе Астанада концерт өткізуі туралы нақты келісім бар деуге негіз жоқ. Оның үстіне үлкен шығын мен Қазақстандағы ірі стадиондардың 24–30 мың шамасындағы сыйымдылығы мұндай концертті коммерциялық жағынан ұйымдастыруды қиындатуы мүмкін.

Айта кетейік, Шакираның Бішкектегі концерті 18 қазан күні өтеді. Билеттер 1 қазақн күні сатылымға шығады.

Дереккөз: Курсив · Рауан Мутаир