Бөлімдер
Пікір

“Жағдайы өте ауыр болды”: РФММ-да жаппай уланған оқушылардың бірінің анасы тың деректер айтты

“Жағдайы өте ауыр болды”: РФММ-да жаппай уланған оқушылардың бірінің анасы тың деректер айтты

Алматыдағы РФММ оқушыларының жаппай улануы дерегі бойынша тың мәліметтер айтылды. Оқушылардың бірі бастапқыда ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен. Бұл туралы оқушының ата-анасы айтты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Республикалық физика-математика мектебінде бірер күн бұрын интернатта тұратын 48 оқушының жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген. Олар құсып, өзін әлсіз сезініп, қызуы көтерілген.

Мұны естіген ата-аналар алып-ұшып ауруханаға жетіп, енді  ұл-қызының сауығып кетуін тілеумен жүр.

"Мектептегілер ашып ештеңе айтпайды. "Инфекция" деп жатыр. Алайда бұл инфекция әртүрлі себепке байланысты болуы мүмкін. Ұлымның жағдайы өте ауыр болды. Қазір жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Жағдайы тұрақталды, яғни өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ", – дейді ата-аналардың бірі Айнұр Наурызәлиева.

Қазір балалардың жағдайы қалыпты, дейді дәрігерлер. Дегенмен науқастарға әлі нақты диагноз қойылмағын. Себебі, жаппай уланудан соң алынған сынама қорытындысы тек бес жұмыс күнінен кейін дайын болады.

"Барлық балаға шұғыл ем жасалып, қазір балалардың жағдайы тұрақты. Өзгерістер оңымен келе жатыр. Керек емнің бәрі жасалып жатыр. Алты бала қазір сол мектептегі изоляторда. Олар да медициналық ем қабылдап жатыр", – деді Алматы қаласы Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Ержан Сералин.

Асхананы жалға алғандардың дәл осы мектепте жұмыс істеп келе жатқанына біраз болған.

"Жыл сайын келісімшарт жасалады. Соңғы жылдары жұмыс істеп жатыр. Қазір онлайн режимге шығып кеттік. Интернатта балалар азайып жатыр. Мен мектепте соңғы төрт жыл істеймін. Сол төрт жылда олар да жұмыс істейді. Оның алдын да жұмыс істеген. Қазір мен қанша жыл деп айта алмаймын", – дейді Республикалық физика-математика мектебі Алматы филиалының директоры Мейірлан Мейірбек.

Осы жағдайдан соң санитар мамандар мектеп асханасында тексеріс жүргізіп, бірқатар олқылықты анықтапты.

"Master Food ЖШС-інің ас блогын тексергенде санитария талабының бұзылғанын анықтадық. Азық-түлік сақтау, дайын тағамдардың тәулік сынамасын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптары сақталмаған. Су мен тамақ сынамалары, шайындылар және ас блогының қызметкерлері тексерілді", – дейді Алматы қаласы, Санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Ахметова.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай