Бөлімдер
Жаңалықтар

Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатының ширек финалына шықты

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді.

Ливерпульде World Boxing ұйымдастырумен алғаш рет өтіп жатқан әлем чемпионаты жалғасуда. Кезекті жарыс күні 57 келіде Карина Ибрагимова 5:0 есебімен Элис Глинді жеңіп, әлем чемпионатының ширек финалына өтті.

70 келіде Наталья Богданова Санамача Чокчомнан айласын асырып, ширек финалға өтті. Есеп — 5:0.

Әлем чемпионатының 1/4 финалы аясындағы жекпе-жек Сема Чалышканмен 9 қыркүйекке жоспарланған.

Ертуған Зейнулинов (65 келі) Хуго Грауды (Франция) 5:0 есебімен жеңді.

80 келіде Гүлсая Ержан әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде литвалық Ивета Лесинскитені жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Есеп — 3:2. Гүлсая 10 қыркүйек күні Есета Флинтпен (Австралия) кездеседі.

Төрехан Сабырхан Нидерланды өкілі Фин Роберт Боспен жұдырықтасып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. 70 келідегі 1/4 финал 10 қыркүйекке жоспарланған.

90 келіде Сағындық Тоғамбай ирландиялық Джэк Майкл Марлеймен жекпе-жек өткізді. Нәтижесінде Сағындық 4:1 есебімен жеңіске жетті. Ендігі кездесу 10 қыркүйек күні өтеді. Қарсылас Грекия–Өзбекстан текетіресінде анықталады.

65 келіде Аида Әбікеева кореялық Сукюнг Кангтан басым түсті. Есеп — 5:0. Енді ол ширек финалда шаршы алаңға шығады.

60 келіде Бейбарыс Жексен Үндістан боксшысы Сачин Сачинді 4:1 есебімен жеңіп, 1/4 финалға өтті. Келесі кезеңдегі қарсылас Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоков (Өзбекстан) болмақ.

Аса ауыр салмақта Айбек Оралбай Түркия боксшысы Муджахит Ильястан айласын асырды. Жекпе-жек нәтижесі — 5:0. 10 қыркүйек күні Айбек ширек финал аясында Лука Пратлджачичпен (Хорватия) кездеседі.

Сабыржан Аққалықов (75 келі) украиналық Павло Илюшаға 3:2 есебімен жол беріп, әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады. Бұған дейін Надежда Ряябец Лина Уангтан 0:5 есебімен жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Сондай-ақ 54 келіде сынға түскен Элина Базарова өзбекстандық Нигина Уктамоваға 0:5 есебімен ұтылды. Осылайша әлем чемпионатында 20 боксшыдан әзірге 17 қазақстандық боксшы қалды.

Бүгін, 9 қыркүйек әлем чемпионатында шаршы алаңға шығатын қазақстандық боксшылар:

16:00

51 келі. Алуа Балқыбекова – Гаюн Мун (Корея)

60 келі. Виктория Графеева – Люси Кингс-Уитли (Англия)

55 келі. Махмуд Сабырхан – Башким Бажоку (Косово)

80 келі. Нұрбек Оралбай – Тоқтарбек Таңатхан (Қытай)

22:00

48 келі. Назым Қызайбай – Лила Зелецкий (Венгрия)

50 келі. Санжар Тәшкенбай – Хутхайха Эшиш (Иордания)

85 келі. Бекзат Нұрдәулетов – Георгий Кушиташвили (Грузия)

70 келі. Наталья Богданова – Сема Чалышкан (Түркия)

65 келі. Ертуған Зейнулинов – Патрис Мугалзай (Англия)

Жекпе-жектерді тікелей эфирде QAZSPORT арнасынан тамашалауға болады.