Жамбыл облысы аумағында 12,3 шақырым күрделі жөндеуден өтті.
Ескі "Күйік" асуы республикалық маңызы бар жолдардың біріне жатады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басшылығы және жобаны жүзеге асырған "СинеМидасСтрой" ЖШС өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген өңір басшысы Жамбыл жері ежелден тоғыз жолдың торабы болған қасиетті мекен екенін атап өтіп, жаңартылған ескі "Күйік" асуының ел экономикасы үшін маңызы зор екенін айтты.
– Ескі "Күйік" асуы – тек автомобиль жолы ғана емес. Бұл – оңтүстік пен солтүстікті, өндіріс пен нарықты, кәсіп пен мүмкіндікті жалғайтын маңызды экономикалық күретамыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық беріп келеді. Соның нәтижесінде елімізде ауқымды жол жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
"Күйік" асуы ұзақ жылдар бойы тұрғындар мен жүргізушілер тарапынан орынды сынға ұшырап келді. Әсіресе қыс мезгіліндегі қолайсыздықтар мен көлік қозғалысының қиындығы халыққа айтарлықтай мәселе туғызды.
Құрылыс жұмыстарын "СинеМидасСтрой" ЖШС 10 ай ішінде аяқтап, жобаға 200-ге жуық адам жұмылдырылды.
Жобаның жалпы құны 6,9 млрд теңгені құрайды. Ал жаңартылған жолдың ұзындығы – 12,3 шақырым.
Іс-шара соңында өңірдің жол саласын дамытуға елеулі үлес қосып, көпжылдық жемісті еңбек еткен бірқатар азамат марапатталды.