Құрылыс жобасы көпшілікке таныстырылды.
Ұзындығы шамамен 4,5 шақырымды құрайтын жағалау құрылысы 5 кезең бойынша жүзеге асырылмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ауқымды жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, қолайлы қалалық орта қалыптастыруға және тұрғындар мен қала қонақтарына арналған заманауи қоғамдық кеңістік құруға бағытталған. Жобаның инвесторы – NCOC N.V., мердігер мекеме – "Нұрсәт" серіктестігі. Құрылыс биыл сәуірде басталып, 2029 жылдың қаңтарында аяқтау жоспарланған.
Жоба аясында серуендеу аймақтары, велосипед және жүгіру жолақтары, шолу алаңдары, субұрқақтар, скейт-парк, балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары, фудкорттар мен сервистік павильондар салынады. Сонымен қатар пирстер, абаттандырылған жағажай аймақтары және балалар бассейндері бар.
Сондай-ақ құрылыс барысында күн энергиясын пайдаланатын сыртқы жарықтандыру жүйелері, сәулеттік жарықтандыру, сумен жабдықтау және су бұру желілері, көгалдандыру және Каспий теңізі жағалауының экожүйесін сақтауға бағытталған заманауи инженерлік шешімдер енгізіледі.