Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстанда IATA e-Freight халықаралық стандарты бойынша авиациялық жүк логистикасын цифрландыру шеңберінде ЖИ құралдарын енгізу жоспарлануда. Процестерді цифрландыру коммерциялық құжаттарды өңдеу кезінде деректерді енгізуді бірнеше рет жылдамдатуға мүмкіндік береді, ол процедура уақытын 30 минуттан бірнеше секундқа дейін қысқартады. Үкімет отырысында саланы автоматтандыру туралы TransInfoTech компаниясының бас директоры Мәлік Бердіғалиев баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда e-Freight бірыңғай платформасына Қазақстанның 17 әуежайы мен 56 авиатасымалдаушысы қосылған. Жүйе Азаматтық авиация комитетіне, Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне және ҰҚК Шекара қызметіне жүк ағынының толассыз мониторингі мен талдауын жүргізуге мүмкіндік береді. Жоба шеңберінде ветеринариялық бақылау бөлігін Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграциялау толығымен аяқталды. Бұл ішкі жүк тасымалын электрондық авиа жүк құжаттарына ауыстыруға мүмкіндік берді. Қазір мұндай жұмыстар халықаралық бағыттар бойынша жүргізілуде – KEDEN кедендік ресімдеу жүйесімен интеграция аяқталуда, ол арқылы тауарлар мен жүктердің келу фактілері туралы алдын ала деректер электрондық форматқа ауыстырылады.

«Келесі қадам – электрондық авиа жүк құжаттарын кедендік декларациялау жүйесінде толыққанды құжаттар ретінде тану. Мұнда Қаржы министрлігінің көмегі керек. Бұл авиациялық жүктерді қағазсыз және автоматтандырылған түрде толықтай кедендік ресімдеу үшін жағдай туғызады, халықаралық логистиканы жеделдетеді және Қазақстанның өңірлік транзиттік хаб ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады», — деп атап өтті Мәлік Бердіғалиев.
Парақшамызға жазылыңыз