Астанада алғаш рет Алтын Орда дәуіріне қатысты халықаралық архив құжаттары мен бірегей тарихи жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында Ватикан архивінде сақталған Гүйік ханның хаты, Жошы әулетінің шежіресі және Еуропа мен Осман империясына жолданған дипломатиялық құжаттар бар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі ретінде: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық ғылыми симпозиумы аясында ұйымдастырылған көрмеде XIII–XV ғасырлардағы Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасы таныстырылды.

Экспозицияның басты ерекшелігі – Қазақстанда бұрын-соңды көрсетілмеген халықаралық архив материалдарының қойылуы.

Олардың арасында XVIII ғасырдағы «Хандар шежіресі» қолжазба шиыршығы ерекше назар аударды. Ұзындығы 267 сантиметр болатын жәдігерде Жошы әулетінен шыққан 104 ханның генеалогиясы бейнеленген. Бұл құжат ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізілген.

Сондай-ақ көрмеде Ватикан апостолдық архивінен алынған Гүйік ханның 1246 жылы Рим Папасы IV Иннокентийге жолдаған хаты ұсынылды. Мамандар оны Алтын Орда тарихындағы ең көне дипломатиялық құжаттардың бірі деп бағалап отыр.

Бұдан бөлек, Тоқтамыс хан мен Темір-Құтлықтың тархандық жарлықтары, Осман сұлтандарына жолданған хаттар және сирек қолжазбалар қойылған.

Көрмеде Алтын Орда дәуірінің әскери өнері, қала мәдениеті, зергерлік бұйымдары мен сауда байланыстары да қамтылған. Ал жасанды интеллект көмегімен Орда жауынгерлерінің киім үлгілері мен әскери тактикасы қайта жаңғыртылған.
Экспозицияға шетелдік архивтерден алынған 23 қолжазба, археологиялық жәдігерлер және интерактивті мультимедиялық жобалар енгізілді