Астанада "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйледі. Іс-шараға әлемнің 20-дан аса елінен делегация қатысып отыр. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

"Баршаңызға Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумға қош келдіңіздер деп айтқым келеді. Ең алдымен, Астанаға арнайы келген қадірлі меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Менің алдымда сөз сөйлеген атақты ғалымдар мен беделді халықаралық ұйымдардың өкілдеріне алғыс айтамын. Сөздеріңіз мағыналы, мазмұнды болды. Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек. Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениет дамуына, мемлекеттер қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеуге арқау болғаны анық. Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды", — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің маңызды жобаларына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына алғыс айтты.

"Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесіп, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да осы. Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді. Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын. Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз", — деді Мемлекет басшысы.

"Симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдерінің басын қосып отыр. Бұл өте маңызды. Ұзақ жыл бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады. Сонымен қатар, Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады. Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих. Бүгін өтіп жатқан бірегей симпозиум әлемдік ауқымдағы мұраны жүйелі зерттеу жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтереді деп сенемін. Осы жерде отырған ғалымдар мен сарапшылар бұл міндетті іске асыруға елеулі үлес қосып келеді. Бұл маңызды жұмыста сіздер оң нәтижеге қол жеткізесіздер деп сенемін", — деді Президент.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget