Бұл бағытта жұмыстар қолға алынады.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов "Қыз Жібек" фильміндегі қамзолға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қыз Жібек" фильміндегі қамзол – қазақ киносы мен отандық кинематография тарихындағы жәдігер. Қазір біз бұл мәселеге байланысты тексеру жүргізіп жатырмыз. Әріптестерім Меруерт Өтекешовамен сөйлесті, ортақ келісімге келдік. Ол "Қыз Жібектің" толық костюмдері жиналғаннан кейін қамзол ғана емес, бүкіл жинақ Қазақфильм музейіне тапсырылсын деген ниетін білдірді", – деді вице-министр.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін "Қазақфильм" музейіндегі барлық жәдігер цифрландырылып жатыр. Вице-министр отандық кинода пайдаланылған барлық костюм мен реквизит цифрлық базаға енгізілетінін жеткізді. Сонымен қатар қамзолдың бастапқыда "Қазақфильм" музейінде басқа да реквизиттердің арасында сақталғаны белгілі болды.
"Министрлік қазақ киносына қатысты көптеген реквизитті сақтаумен айналысады. Осы уақытқа дейін Қазақфильм музейі дәл осылай жұмыс істеді. Енді бұл бағыт қайта қаралады. Барлық экспонат кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта қазақстандық киноға қатысты реквизиттердің сақталуы мен есебі мүлде басқаша болады. Бізде экспонаттардың арнайы реестрі бар, қазір соны цифрлық жүйеге көшіріп жатырмыз", – деп атап өтті Мәдениет вице-министрі.