Көлік иесіне айыппұл салынды.
Жетісу облысында итті көлікке байлап сүйреген жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желілерде ақ түсті автокөліктің жол бойымен итті байлап алып жүрген видеосы тараған. Кадрлар желі қолданушыларының ашуын туғызды.
Полиция қызметкерлері жарияланымға жедел әрекет етіп, іздестіру шаралары барысында жүргізушінің жеке басын анықтады.
– Ол жануарға қатыгездік көрсеткені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 407-1-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды, – деп хабарлады құқық қорғау органдары.
Ит табылып, ветеринарлық қызметке тексеру және қажетті көмек көрсету үшін тапсырылған.
Полиция жануарларға қатыгездік көрсетуге жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер заң аясында жауапкершілікке әкелетінін еске салды.