Төменгі палатаның өкілі Олжас Құспеков Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.
Мәжіліс депутаты Мемлекет басшысының жуырда өткен Өңірлік экологиялық саммитте айтқан сөзін мысалға келтірген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Депутаттың айтуынша, мұнай өндіретін өңірлерде болып жатқан жағдайлар экологиялық қауіпсіздік, жер қойнауын пайдалану және мұнай өнімдерінің айналымы салаларында мемлекеттік бақылауды күшейту қажет.
"Біздің жаңа Конституциямыз қоршаған ортаны қорғауды мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде нақты айқындайды. Бүгінде Қазақстанда 1,5 миллион гектардан астам жер мұнай және мұнай өнімдерімен ластанған. Экологиялық талаптарды бұзған мұнай өндіруші компанияларға ондаған миллиард теңгеге жуық айыппұлдар мен талаптар қойылып отыр", – деді Олжас Құспеков.
Сондай-ақ ол Атырау облысындағы бірқатар ірі экологиялық заң бұзушылықты мысалға келтірді. Атап айтқанда, "Oxygenator" ЖШС рұқсатсыз мұнай қалдықтарын кәдеге жаратқаны үшін 37 миллиард теңге көлемінде айыппұлға салынған. "Каспий Нефть" АҚ-қа экологиялық заңды бұзғаны үшін 13 миллиард теңгеден астам талап қойылған.
Депутаттық сауалда Ақтөбе облысындағы "Көл-Бас" кен орнына қатысты жағдайға да ерекше назар аударылды. Оның айтуынша, жер қойнауын пайдаланушы ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға арналған кешенді газ дайындау қондырғысын салу жөніндегі міндеттемелерден жалтарып, әрқайсысының қуаты 2 мегаватт болатын үш газтурбиналық қондырғыны пайдаланып отыр. Ал кен орнының нақты қажеттілігі 1 мегаваттан аз.
"Бұл ретте жылына 17 гигаватт-сағатқа дейінгі артық энергия арнайы жерге тұйықтау жүйелеріне жіберілуі мүмкін. Мамандардың бағалауынша, бұл топырақтың тозуына және жер асты суларының ластануына әкелуі ықтимал", – деді депутат.
Депутат бірнеше уәкілетті органға жүгініп, Экология министрлігі мен Энергетика министрлігіне мұнай өндіру және ілеспе газды кәдеге жарату кезіндегі экологиялық талаптардың сақталуын тексеруді, ал Төтенше жағдайлар министрлігіне өндірістік қауіпсіздік нормаларының орындалуын бақылауды тапсырды.