Бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинян айтты.
Ол әлеуметтік желі парақшасында Ахалкалаки-Карс теміржолының жүк тасымалы үшін толық іске қосылғанын сүйіншілеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Армениядан экспорт пен импорт үшін Ахалкалаки-Карс теміржолы, сонымен қатар Әзербайжан арқылы өтетін теміржол желісі де ашылғанын қуана хабарлаймын. Бұл – біздің елдің экономикалық өміріндегі маңызды оқиға. Түркия мен Грузиядағы серіктестерге алғыс айтамын, – деді Пашинян.
Оның сөзінше, осы күні Арменияның Ресеймен Грузия аумағы арқылы, сондай-ақ Әзербайжан арқылы теміржол қатынасы бар. Қытаймен Ресей және Қазақстан арқылы байланыс қамтамасыз етілген. Мұнан бөлек, Грузия және Түркия аумақтары арқылы Еуропалық одақпен теміржол қатынасы іске қосылған.
– Болашақта Армения-Түркия, Армения-Әзербайжан, кейіннен Нахичевань арқылы Армения-Иран теміржолдарының ашылуы күтілуде. Біз бұл оқиғалардың жақын болашақта TRIPP жобасының жүзеге асуы нәтижесінде куәсі боламыз, – деп жазды премьер-министр.
Кейіннен ол Ширак облысындағы Сарнагбюр елді мекенінде өткен сайлауалды науқан аясындағы сөзінде Гюмри-Акьяка (Түркия) және Ерасх теміржол учаскелерін қайта жаңарту басталатынын жеткізді.
– Түрік тарапында жұмыстар қазірдің өзінде басталды, теміржол ашылады. Біз де Ерасх торабын жаңартуға кірісеміз. Үкімет мұны өз мойнына алады. Концессиялық келісім болғанына қарамастан, біз қаржы бөліп, жолды жөндеп, қайта қалпына келтіреміз, теміржол қатынасы ашылады, – деді ол.