Басты назар болашағы зор 12 туристік нысанның бірі – Кендірлі аймағына аударылып отыр.

Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, "Маңғыстау" туристік аймағын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға gремьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жоспар аясында инфрақұрылымды дамыту, логистика, цифрландыру, қауіпсіздік, кадр даярлау және инвестициялық жобаларды іске асыру секілді 9 негізгі бағыт қамтылған. Барлығы 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда.

Басты назар болашағы зор 12 туристік нысанның бірі – Кендірлі аймағына аударылып отыр. Мұнда инженерлік инфрақұрылым тартылып, жолдар жөнделіп, жаңа әуежай салынады. Сондай-ақ туристік нысандарды электр қуатымен, сумен және көлікпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте инвесторлар мен эко-белсенділердің ұсыныстары ескерілген.

Сонымен қатар Ақтау қаласында теңіз вокзалы мен халықаралық стадион салу жоспарлануда. Өңірде мәдени-спорттық шаралар арқылы туризмді насихаттау көзделген.

Кешенді жоспар туристік инфрақұрылымды жетілдіруге, инвестициялық ахуалды жақсартуға және ішкі туризмді ілгерілетуге ықпал етеді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін "Каспий" ӘКК желісі арқылы жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылады.

2029 жылға қарай ішкі туристер саны 430 мыңнан 520 мыңға, шетелдік туристер саны 89 мыңнан 143 мың адамға дейін артады деп күтілуде. Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 2,7 мың адамға жетіп, жеке инвестиция көлемі 198,9 млрд теңгеге дейін өседі. Ал туризмнің өңір экономикасындағы үлесі 3,6%-ға дейін артады.


Оқи отырыңыз:

  • Әзербайжан кәсіпкері Маңғыстауда халықаралық деңгейдегі жаңа курорт салмақ
  • Маңғыстаудағы "Бозжыра" визит-орталығы 2027 жылы пайдалануға беріледі