( поэма )
Бұл поэманы тарихты тасқа қашап, сөзді – мәңгілік деп ұққан, өзінің есім-сойы ұмытылса да, ізі қалған, бітіг жазудың хас шеберлері, байырғы бәдізшілерге арнаймын.
1
Әлқисса, сөз бастадым көне әлемнен,
Өткенді жырламасам, көгерер ме ем?
Жасаған Тәңір қолда ұзақ жолда,
Өзіңнің құдіретіне сене келгем.
Жүзейін арлы өлеңнің айдынында,
Берілмей шексіз қиял, қайғы-мұңға.
Жырлайын жарты әлемнің тарихатын,
Түркінің бөрі рухты айбынын да.
Тамырлы болса терек, құламайды,
Ешкім де сұрамайды, сынамайды.
Өйткені өзегі бар, кезеңі бар,
Аспанға шығаратын бірақ Айды.
Шегінсек сонау түркі дәуіріне,
Үңілсек ұлылықтың тәліміне,
Енеміз ескі өлеңнің есігінен,
Түркінің жазуына, әрібіне.
Түгел сыр — сол тастарда, сол ұстында,
Бөлеген жанартаудай мол ұшқынға.
Бір жырды бастадым мен, қолдашы Ием,
Көз тастап Орхон жаққа, алыс қырға.
2
Бір күні Білге қаған сан ойланып,
Айналып бірнеше рет сарайды алып,
«Тарихты тасқа жазам» деп қорытты,
Жанарда жылт еткен бір арай жанып.
Ойының ергеннен соң жетегіне,
Бұйырды тарихи жайт нөкеріне.
«Ең шебер бәдізшіні алдырт» деді,
«Ең ғажап сыйлық берём өтеміне...»
Нөкерлер іздеді оны ауыл-қырдан,
Әркімнен сұрастырып, сауын қылған.
«Бар» деді «бір кедейлеу шебер мұнда»,
Сытылып бір жас бала қауым-құлдан.
Бәдізші – көпті көрген сұңғыладай,
Суреттің сырларына тым құмар-ай!
Қысса да жарлы тірлік қос өкпеден,
Жүрген жан бір сүрінбей, бір құламай.
Ақыры есендесіп, көп көндіріп,
Қылмауға уәделесті өткенді ұмыт.
Апарды бәдізшіні ақ сарайға,
Тапқандай жақұт-маржан көлден тұнық.
3
Ақ сарай – алтын сарай, хан ордасы,
Жарқырап көрінетін сан алмасы.
Өлең де – керім қыз ғой сәл мұңайған,
Төгілген тас бетіне қалам жасы.
Қаһарлы, зәрлі, мысты қабағынан,
Білге отыр от шашырап жанарынан.
Биік тақ – болмысына жарасыпты,
Секілді хан болғандай баяғыдан.
Бәдізші тік қарады хан көзіне,
Тастардан өмір танып, мән сезіне.
Жұққандай жанға жанның жүрек үні,
Қағанның ұлы рухы қонды өзіне.
Жүректі көрер болар көзбенен де,
Мына көз – апарады өзге әлемге.
Білге хан бәдізшіге қарап тұрып,
Қойыпты жалғыз сұрақ:
«Сөз деген не?»
«Сөз деген – сұлу да емес, жылу да емес,
Сезеді мұның сырын ұғынған ес.
Аспаннан кеше түсіп, бүгін таңда,
Барады жерге сіңіп құбылма көш.
Сол көштің ортасында, аяғында,
Дүние дидары анық, баянында,
Бір сәби шырылдайды, табиғаттың,
Қарамай қызығын да, бояуын да.
Тіршілік түгел тыныш, тыным алған,
Осынау пәк сезімнен жылына алған.
Көк пен жер, өзен мен тау, тал-теректер,
Даусына періштенің құлы болған.
Айтсам да бәрін қамтып, тегіс нені,
Келіспе, уа, хан ием, келіс мейлі.
Сөз деген – кірпіктерін әлсіз ашқан,
Көштегі сол бір дауыс, періштелі».
Қаған да риза болып жауабына,
Апарды тас мүсіндер алабына.
Көп күтпей бәдізші іске кіріседі,
Қолайлы тасты таңдап алады да.
4
«Жаз» деді Білге қаған, «жаз барлығын»,
«Түркінің тарих кенін қазған күнін.
Батырған бір елдерге азу-тісін,
Бір елге көмек қолын созған күнін».
«Жаз» деді Білге қаған, «жаз барлығын»,
Түркінің асқақтаған, тозған күнін.
Әлемге жорық жасап, әмір айтып,
Әлі де түнгі шоқтай маздар күнін.
«Жаз» деді Білге қаған, «жаз барлығын»,
Тәңірдің маңдайына жазған нұрын.
Ысырып ықты жауды басқа жаққа,
Орнынан тауларды да қозғар күнін.
«Жаз» деді Білге қаған, «жаз барлығын»,
Арқасы алыптардың қозған күнін.
Таймаған серттерінен еш уақытта,
Деп білген «сөз жарлығы – өз жарлығым».
Шойбалға, шапқы дайын, қадаубаспен,
Арбасты ақық таңдар, ала кешпен.
Бір сезім тәннен шығып, ұстындарға,
Ой көшкен, шаттық көшкен, нала көшкен.
Суреттеп дос ғаламды, қас ғаламды,
Білге де барлық сырын ашқан әлгі.
Жеті күн талмай-тынбай еңбек етіп,
Қашалды мына сөзді тасқа мәңгі:
5
«Жаратқан Тәңір мені, Білге сөзім,
Деді әкем: «Тұтқа болғын Күнге де өзің»,
Өлген соң асыл Ағам, қаған болдым,
Бойымда қалған емес мүлде төзім.
Иесі болдым солай кең даланың,
Бөдкеге* тұтқа болар мен ғанамын.
Қуанды Түркі халқы, бектері де,
Қайғысын көреді деп шерлі ананың.
Төрт тарап халық мені тыңдағанда,
Жүргіздім әмірімді бұл ғаламға.
Шалғында жатқан кезде көкке қарап,
Жұлдызбен ашты сырын түн маған да.
Түркімін, жанынан нұр таратылған,
Ешкімге ұқсамастан дара тұрған.
Тәңірі – жоғарыда, төменде – жер,
Арада адам-ұрқы жаратылған.
Бабам ғой – Істемі мен Бұмын қаған,
Оларсыз Түркі де жоқ, ғұмыр қараң.
Қадырхан жынысына дейін жаулап,
Намысы тапталмаған, жығылмаған.
Көп ісі олақ болмай тұра алмайды,
Бір қаған бүкіл жұртты құрамайды.
Табғаштың халқы тулап кеткен бұрын,
Қаматып еркін жүрген бұлан-ойды.
Құл болды асқақтаған бек ұлдары,
Күң болды нәзік туған керім жаны.
«Түркі» атын мына әлемнен жоя жаздап,
Қиындық көріп еді елім тағы.
Бірер уақ Табғаш ханға бағындық біз,
Береке, ырысынан қағындық біз.
«Қағанды халық едік, қаған қайда?»
Деді жұрт, «...Өмір қайда қалың жұтсыз?».
Тәңірі сол бір шақта бізді есітті,
Кеудені ауыр қалған сызды есітті.
Киелі тілеуіміз қабыл болып,
Жүректен қоңыр-ала күз көшіпті.
«Түркілер жоқ болмасын» деді Тәңір,
«Түркілер шоқ болмасын» деді Тәңір.
«Түркілер жасқанбасын» деді Тәңір,
«Түркілер аспандасын» деді Тәңір.
Осындай ұлы сөзден, ұлы рухтан,
Әлсіздеу жан тірілді жылылықтан.
Елтеріс – әкем қаған, Ел-білге – анам,
Тауыпты шығатын жол тығырықтан.
Жүрсеңіз нұрлы арманның мекенінде,
Ой кетер құс-қиялдың жетегінде.
Тәңірі төбесінде ұстап тұрып,
Жоғары көтеріпті екеуін де.
Он жеті ер жинапты әкем-қаған,
Арынды сел жинапты әкем-қаған.
Ақыры азап көріп, тозақ кешіп,
Ормандай ел жинапты әкем-қаған.
Жауы – қой, болған десті әкем – бөрі,
Қорқытты батырлардың өр өңдері.
Табғашты талқандаған, сан қиратқан,
Түркінің әкем еді кемеңгері.
Бүктірді тізеліні, көнбегенді,
Бастыны жүгіндірді, сенбегенді.
Тәңірі жарылқаған күн де туып,
Еліміз аяғында жөнге келді.
Қаған-төр содан қалған білесің бе?
Ордалы жұрт үйренген күресінге.
Тәңірге әкем-қаған ұша барды,
Қалғаны осы бейне шын есімде.
Балбалы Баз-қағанның бұл күнде бар,
Мұң беріп жүрегіңе, күлкіңді алар.
Отанын сағынатын жыл құсындай,
Оралып келмес білем, шіркін олар.
Қалдық біз Ағам-қаған екеуіміз,
Өтер қыс, көктем мен жаз, өтеді күз.
Шаңдуң мен Жасыл өзен, Темірқақпа –
Байырғы біз жаулаған мекеніміз.
Көгменнің жотасынан арыға асып,
Көрмеді Түркі халқы әлі жасып.
Бүкірдік тізеліні, қашды дұшпан,
Көзден нұр, жүздерінен әрі қашып».
6
Осылай қаған айтты, шебер жазды,
Айтқандай аңызды емес, өлең-сазды.
Түсінер жұлдыз ғана ғарыш тілін,
Тұңғиық қана ұғады терең көзді.
Екеуі — бір жан болған бүтінді әлем,
Бір жылап, бір денеде күлімдеген.
Жалғыз сөз жан-дертіңді емдемесе,
Шынында, өлшененеді ғұмыр немен?
Жеті күн өтті ақыры, жеті таң да,
Көктемдей жан бітіріп өлі маңға.
Қағанда арман бар ма бұдан асқан,
Қашаған бәдізшінің шері бар ма?
Өмірдің бой бермеген жалғанына,
Көңілдің қарамаған талғамына,
Жеті күн еңбектеніп жеткендей ол,
Жеті қат көк аспанның ар жағына.
7
Сол бір сөз — нәрлі неткен, жарқын неткен!
Қиялдың құсымыменен қалқып жеткен.
Түсінде ғарыш көріп, жұлдыз көріп,
Cүйеніп тас мүсінге қалғып кеткен.
Жақсы сөз кеуде ішіне жағар жарық,
Тұтасқан жазулармен далам – қаріп.
Оянды жаңбырдың ол тырсылынан,
Көңілі тастарға анау алаң болып.
Бұлтты аспан қара жерге көшпесін деп,
Ол кешкен сезімдерді кешпесін деп,
Тосумен әр тамшыны безек қақты,
Жазуы мәңгіліктің өшпесін деп.
Ішінде құмырадай сынып төзім,
Амалсыз салмау үшін құрыққа өзін,
Тосумен әр тамшыны, қорғаштады,
Түркінің тұнық тілін, ұлық сөзін.
Орнықпас мұндай шақта көңіл, түге,
Жоғалтпау маңызды ғой сенімді де.
Тосумен әр тамшыны, алып-ұшты,
Жүгіріп бір ұстыннан екіншіге.
Аспан да бұл адамның мұңын көріп,
Қалғандай кенет тыншып, ұғынды өбіп.
Сібірлеп жауған жаңбыр басылды ақыр,
Шарасыз бәдізшіге тыным беріп.
8
Қызғыштай көл қорыған ала таңда,
Анадай сәбиді алған алақанға,
Қауыздай гүл бүршігін қорғап тұрған,
Теректей мәңгі біткен қара жарға,
Даламнан Сөз жоғалса, тұрмас аман,
Жүрегім, сырын ашып бір босаған.
Мен де бір — бәйек болған бәдізшімін,
Адамның кеудесіне жыр қашаған.
Біржан Ахмер,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тамыз таңы», «Көзіңдегі көктем», «Мың бояулы мекен» жыр жинақтары, сондай-ақ балаларға арналған «Бес асыл іс» атты танымдық кітабының авторы.