Әлемде 100-ден аса елде бір палаталы, ал 80-нен аса елде екі палаталы Парламент бар.
Бұл — Халықаралық Парламенттік одақтың (IPU) дерегі.
Бір палаталы жүйе көбіне унитарлы мемлекеттерде кездеседі. Мұнда аймақтық бөлініс аса байқалмайды. Халық саны көп болмаса, екі палаталы Парламенттің аса қажеттілігі жоқ.
Мәселен, Дания, Финляндия және Жаңа Зеландияда бір палаталы жүйе қалыптасқан. Бұл екі палатаны қаржыландыруға кететін шығынды азайтады. Бұдан бөлек, қабылданған заңға бір ғана орган жауапты. Үкіметке шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Ал екі палаталы Парламент мүдделер тепе-теңдігін сақтауға және заң жобаларын жан-жақты талқылауға жол ашады. Екі палаталы жүйе Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, сондай-ақ Орталық Азия елдерінде көп кездеседі.