Алматылық оқушылар биыл жасанды интеллектіні меңгеріп, стартап жоба жасауды үйренеді.

Мемлекеттік мектептерден 10 мың оқушы іріктеліп, бір жыл бойы осы бағытта білімін жетілдіреді. Топ жарып шыққан ұл-қыздар junior-әзірлеуші атанады.

Жасанды зерденің даму қарқыны күшті. Өндіріс, медицина, ғылым секілді көптеген салада қазір кеңінен қолданылып келеді. Алматылық оқушылар да жаңа технологияның көшіне ілессем,-дейді. Жақында junior-әзірлеуші жобасының іріктеуі басталады. Оған мемлекеттік мектептердің жоғары сынып оқушылары қатыса алады. Олар 10 мың баланың ішінен таңдалады. Мың балаға қойылатын талап та жоғары. Әрқайсысы бір мобильді қосымшадан жасауы тиіс.

Ерасыл Жеңісов, Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының бөлім басшысы:

- Junior-әзірлеуші жобасы аясындағы оқыту бағдарламасы бір жылға созылады. 10-11 сынып оқушылары арасынан дарындыларды іріктеп аламыз. Жоба соңында балаларға толыққанды курстан өткенін растайтын сертификат табысталады.

Қаладағы кейбір мектептің ұстаздары бір жылдан бері жасанды интеллекті өздерінің оқу бағдарламасымен үйлестіріп келеді. Соның бірі — №157 жалпы білім беретін мектеп. Мұнда бастауыш пен ортаншы сынып оқушыларына тапсырма үлестіру, бағалау және ертегілер аясында 3D модель жасау сынды жұмыстар жасанды интеллект көмегімен атқарылады екен.

Дамир Ілиясов, оқушы:

- 3D модель жасадық. Ол сайттың аты – Cospaces. 3D модель арқылы әртүрлі мәтін, ертегілердің суреттерін жасай аламыз. Біздің Talking code деген сайт бар. Біз сол сайт арқылы, QR арқылы өзіміздің галаграммамызды шығара аламыз.

Ал жоғары сынып оқушылары болса жасанды интеллектің мүмкіндіктерін тереңдете игере бастаған. Аптасына бірнеше рет әр сабақтың 15-20 минуты жасанды интеллект арқылы жүргізіледі. Тапсырмалар жасанды интеллектің көмегімен әртүрлі форма мен графика арқылы түсіндіріледі.

Фатима Мырза, №157 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі:

- Cospaces және 3D модель арқылы ертегілердің мүсіндерін жасаймыз. Оларды қозғалтып, сөйлетіп, ойнатып қызықты кейіпкерлердің әңгімелерін де қоя алады. Балалар қандай тапсырма болса да қызыға орындап, өздері үйде дамытып, өздері үйден жасап келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өз Жолдауында елде жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту қажеттігін айтты. «Ол үшін ең алдымен Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн», — деді. Алматыда басталған бағдарлама да өз жемісін береді деген үміттеміз. Жаңа мектептер мен стартаптарды дамытуға арналған жобалар қаланың цифрлық экожүйесінің өзегіне айналып, уақыт талабына сай маман дайындауға септігін тигізеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов, Кенже Амраев