Мемлекет басшысы Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына, Халықаралық бейтараптық күні мен Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумға қатысты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент өзге өңірлердегі қақтығысты реттеуге қатысты пікір білдірді.
"Таяу Шығыстағы жағдай бойынша келісімге қол қойылуын құптаймыз. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі бұл аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отыр. Әйтсе де Қазақстан ұзаққа созылған әскери-саяси дағдарысты түбегейлі реттеудің маңызды факторы ретінде егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды. Әзербайжан мен Армения бейбітшілік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Біз мұны тарихи шешім деп санаймыз. Өйткені осы арқылы бұл аймақта және одан тысқары жерлерде сан қырлы ынтымақтастыққа кеңінен жол ашылады. Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылыққа кепілдік беретін толық форматты бейбіт келісімшарт таяу арада жасалады деп үміттенеміз", – деді Тоқаев.
Қазақстан Президенті Ауғанстанға көмек көрсетуді жалғастыру қажет деп есептейді.
"Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы осы бағыттағы ынтымақтастықты үйлестіретін маңызды платформаға айналды. Тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда Азиядағы өзара іс-қимыл сенім шаралары жөніндегі кеңес маңызды рөл атқарады. Бұл форум өзінің саяси тұрғыдан өзектілігін дәлелдеді. Осыған орай АӨСШК қызметіне, соның ішінде форумды толыққанды халықаралық институтқа айналдыруға қолдау көрсеткені үшін серіктестерімізге алғыс айтамыз", – деді Мемлекет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!