Ол бес жылдан астам уақыт бойы Украинаның президент кеңсесін басқарған.


Украинада президент кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермак ақшаны жылыстату ісі бойынша 2 айға қамауға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

BBC агенттігінің жазуынша, Украина Жоғары антикоррупциялық соты Киев маңындағы элиталық тұрғын үй құрылысы арқылы ақшаны жылыстату ісі бойынша Андрей Ермакты 2 айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Оған 140 млн гривен көлемінде кепіл белгіленіп отыр. Егер Ермак кепіл сомасын төлесе, оған Киев аумағынан кетуге тыйым салынады. Сондай-ақ шетелдік төлқұжатын тапсырып, осы іске қатысы бар бірқатар тұлғалармен, соның ішінде Тимур Миндич, бұрынғы вице-премьер Алексей Чернышов және көріпкел Вероника Аникеевамен байланыспауы тиіс.

Сотта президент кеңсесінің экс-басшысы онда мұндай мөлшердегі ақша жоқ екенін мәлімдеді.

"2022 жылдың 24 ақпанында Киевте Президент кеңсесінде қалған адам ретінде айтарым, көбі Киев бірнеше сағатта немесе бірнеше күнде тізе бүгеді дегем болжам айтқан болатын. Мен мықты адаммын", – деді ол.

Ермак өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарып отыр. Экс-шенеуніктің адвокаттары бес күн ішінде сот шешіміне апелляциялық шағым түсіре алады. Бейсенбі күні судья шешімнің қарар бөлігін ғана жариялады. Толық мәтін 18 мамырда жариялануы тиіс.

Андрей Ермак бес жылдан астам уақыт бойы Украинаның президент кеңсесін басқарды. Ол президент Владимир Зеленскийдің ең жақын серіктерінің бірі болды. Былтыр қараша айының соңында "Миндичгейт" деген атауға ие ірі жемқорлық жанжалы туындаған кезде қызметінен босатылды. Дау "Энергоатом" мемлекеттік компаниясымен байланысты болатын.