Астанада LRT желісі іске қосыла салысымен келесі күні желіде 30 минутқа созылған техникалық кідіріс тіркелді. Бұған жолаушылардың қауіпсіздік ережелерін бұзуы себеп болған. Осыған байланысты компания өкілдері жолаушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді, деп хабарлайды Egemen.kz.


Компания қызметкерлерінің айтуынша, LRT жүйесі толық автоматтандырылған, Сондықтан мұндай әрекеттер жүйе тарапынан қауіп ретінде қабылданып, қозғалыс автоматты түрде тоқтатылады.

«Бір билетпен тек бір адам ғана өтуі тиіс, екі адамның бір турникеттен бірге өтуіне тыйым салынады. Мұндай әрекет турникет механизмінің зақымдануына немесе жолаушының жарақат алуына себеп болуы мүмкін, дейді «Бәйтерек» бекетінің басшысы Ермек Сыдықов.

Компания барлық заң бұзушылықтар бейнебақылау камераларына жазылатындығын хабарлады. Бұл деректер полицияға беріліп, кінәлілер заң алдында жауапқа тартылады.

«LRT іске қосылғаннан бері жолаушылар саны артып, 180 мың адамға жеткен. Ал кеше бір күнде 100 мыңға жуық жолаушы тасымалданған. Бұл жобалық өткізу мүмкіндігінен жоғары көрсеткіш», деп атап өткен City Transportation Systems компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев жолаушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.

Еске сала кетейік, LRT жүйесі 16 мамырдан бастап іске қосылды. Ал келесі күні жолаушылардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан жүйе 30 минутқа тоқтап қалған еді.