Мейіргерлер өкілеттігінің кеңеюі дәрігер қабылдауын күту уақытын 2–3 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берген.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесінде халықты қамту деңгейі 60 пайыздан 80 пайызға дейін артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, мейіргерлердің өкілеттігін кеңейту дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтып, жалпы практика дәрігерлерінің қабылдауын күту мерзімін 7–10 күннен 2–3 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берген.
Қазіргі таңда мейіргерлік қабылдау аясында пациенттер бастапқы консультация алып, дәрілік заттарға рецепт рәсімдей алады және бейінді маманға жолдама алады.
Кеңейтілген практика шеңберінде мейіргерлер дәрігерге дейінгі тексерулер жүргізіп, қан қысымын, бой мен салмақты өлшейді, тері мен лимфа түйіндерін тексереді. Сонымен қатар онкологиялық аурулардың ерте белгілерін анықтау үшін ауыз қуысы мен сүт бездерін қарайды.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, дербес мейіргерлік қабылдау дәрігерді алмастырмайды және бекітілген регламенттер мен сапаны бақылау жүйесі аясында жүзеге асырылады.
Сондай-ақ өткен жылдан бастап онкологиялық скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетіне енгізілген. Соның нәтижесінде 300 мың сақтандырылмаған азамат тексеруден өту мүмкіндігіне ие болған.
Бұдан бөлек, созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылаумен қамту деңгейі 30 пайыздан 52 пайызға дейін өскені хабарланды.