Қазақстанда ағза трансплантациясынан кейін пациенттердің 80%-дан астамы 10 жылдан артық өмір сүреді.


А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас трансплантологы Болатбек Баймаханов еліміздегі ағза трансплантациясының қазіргі ахуалы туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Маманның сөзінше, бір мәйіттік донор 7–8 адамның өмірін сақтап қала алады. Бүгінде Қазақстанда бірнеше ағзаны трансплантациялау операциялары жүргізіледі.

Оның айтуынша, бүйрек трансплантациясынан кейін пациенттердің 80%-дан астамы 10 жылдан артық өмір сүреді. Ал бауыр трансплантациясынан кейін бұл көрсеткіш шамамен 74%-ды құрайды.

Дәрігерлер бұл тек өмір сүру ұзақтығы ғана емес, өмір сапасының жақсаруы екенін атап өтті. Трансплантациядан кейін пациенттер қалыпты өмірге оралып, еңбек етіп, отбасы құрып, бала сүйіп жатыр.