Үкімет ірі жобаға жергілікті бизнесті тарту жөнінде кешенді жоспар бекітті.
ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, АЭС құрылысы үшін отандық өнеркәсіп базасын қалыптастыруды көздейтін құжат 14 мамырда қабылданған.
Құжатқа сәйкес отандық шағын кәсіпкерлер атом электр станциясы (АЭС) құрылысына үлес қоса алады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Құжат халықаралық қауіпсіздік және сапа талаптарын ескере отырып, қазақстандық кәсіпорындарды атом жобаларына қатысуға кезең-кезеңімен дайындауды көздейді", – делінген агенттік таратқан хабарламада.
Жоспар 4 бағытқа қатысты:
- нормативтік базаны қалыптастыру;
- отандық нарықтың қажеттіліктері мен әлеуетін талдау;
- өндірістерді жаңғырту және құру;
- процестерді цифрландыруға арналған жеке блок.
АЭС салу барысында тауарлар, жұмыстар мен қызметтер ұсынатын тұлғалардың тізімі дайындалады. Жобаға қатысушылар осы тізімде міндетті түрде болуы тиіс. Білікті әрі талапқа сай келетін компаниялар алдын ала іріктеуден өтеді.