Жаңа ережелер өтініш берушілердің жартысынан көбіне әсер етеді.


АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі грин-карта беру ережелерін қатаңдатты. Бұл туралы АҚШ азаматтық және иммиграция мәселелері жөніндегі қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Өзгерістерге сәйкес, енді өтініш берушілер көп жағдайда құжаттарды шетелден тапсыруға міндетті болады және өтініш берген сәтте АҚШ аумағында қала алмайды.

"Бұдан былай АҚШ-та уақытша тұрып жатқан, грин-карта алғысы келетін шетелдіктер өтінішті беру үшін өз еліне оралуы тиіс", – деп түсіндірді USCIS өкілі Зак Калер.

Оның сөзінше, ерекше жағдайларда ғана жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін. The Washington Post газетінің дерегінше, жыл сайын 1 миллионнан астам грин-карта беріледі. Бұған дейін өтініш берушілердің жартысынан көбі құжаттарды АҚШ-та жүріп-ақ тапсыратын.

Жаңа ереже грин-карта берілмеген жағдайда шетелдіктердің АҚШ-та заңсыз қалып қоюына жол бермеу үшін енгізіліп отыр. Бұған дейін кейбір үміткерлердің өтініші қабылданбай қалса да, олар елден шықпай, иммиграциялық қызмет оларды іздеп тауып, депортациялауға тура келетін жағдайлар болған.

Ақ үй басшысы Дональд Трамп заңсыз миграциямен күресті президенттігінің негізгі бағыт-бағдарының біріне айналдырды. Ол АҚШ-қа заңды көші-қон мүмкіндіктерін де біртіндеп шектеп келеді.