Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа тетігі – шағын өнеркәсіптік аймақтар (ШӨА) белсенді түрде құрылып жатыр. Бұл бастама өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған ұлттық стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, жаңа аймақтар кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен ұсынуға бағытталған. Барлық нысандар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, көлік қатынасы үшін қолайлы жерде орналасады. Бұл кәсіпорындар үшін бастапқы кезеңдегі кедергілерді азайтып, олардың тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту дирекциясының деректері бойынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының соңына дейін Түркістан облысында жалпы көлемі 19 мың шаршы метр болатын 12 шағын өндірістік аймақ іске қосылады. Жыл соңына дейін тағы 19 осындай аймақ ашу жоспарланып отыр. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында үш аймақ пайдалануға беріледі», делінген хабарламада.

Айта кетейік, жаңа бағдарлама үш бағытта жүзеге асырылады: жаңа өндірістік ғимараттар салу, бос тұрған өндірістік нысандарды қайта жаңғырту (Ready built factory үлгісі бойынша), және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту.

Министрліктің хабарлауынша, бағдарлама бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға бағытталған. Шағын өнеркәсіптік аймақтар арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтардың аумағында да, одан тыс жерлерде де құрылуы мүмкін. Бұл кәсіпкерлерге өз ісін бастауға немесе кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мәліметінше, инвесторлар тарапынан барлығы еліміздің сегіз өңірінде 34 шағын өнеркәсіптік аймақ құру жобасын жүзеге асыруда. Мұндай аймақтар Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында құрылмақ. Бұл өнеркәсіптік аймақтардың жалпы аумағы шамамен 265 мың шаршы метрді құрайды», делінген хабарламада.

Бағдарламаны жүзеге асыру бизнеске арналған дайын ғимараттардың тапшылығы мәселесін шешуге жол ашады. Шағын өнеркәсіптік аймақтар индустрияландыру мен экономиканың өсуіне серпін беріп, кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігіне айналып келеді.