Елордада 17 және 18 қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 8-съезіне дайындық қызу.

Съезге жаһанның шамамен 60 елінен 100-ден астам делегация қатысады деп күтіліп отыр.

Діни келісім мен терроризмге қарсы күрес. Бұл 22 жыл бұрын Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы съезінде талқыланған тақырып. Нәтижесі де жоқ емес. Араға үш жыл салып, 2006-шы жылы съездің шымылдығы екінші рет түрілді. Бұл жолғы жиынға «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбы арқау болды. Осы тұста жаһандық көшбасшылардың қоғам құқығы мен қауіпсіздігіне баса мән бергенін аңғарамыз. Ал кейінгі жиындарда толеранттылық пен өзара құрмет, бейбітшілік пен келісім, дін мен саясаттың дамуы және әділ әрі тұрақты әлем бағыттарын қамтыды.

Дәулет Закарьянов, облыстық дін істері басқармасы жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі:

- 2022 жылдың 14-15 қыркүйекте өткен Съезде негізгі тақырып «Пандемия кезінде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының рөлі» деген тақырып болатын. Әрине жалғыз сол емес, басқа да дүниежүзіндегі проблема талқыланған болатын. Жалпы әрбір дінаралық, конфессияаралық диалог құрылуының өзі соған үлкен себеп берген осы съезде.

Қақтығыс пен шиеленіс артқан заманда әртүрлі дін өкілдерінің бір жерде басқосуы, туындаған мәселелердің шешімін бірігіп іздеуі – қазір ортақ құндылыққа айналғандай.

Бір талқылау екіншісіне ұқсамайды. Әр съездің күн тәртібі айқындалып, тиісті бағыт-бағдар белгіленеді. Жылдар өте бұл алқалы жиынның аясы кеңейіп, қатысушылардың саны артып жатыр. Оған Рим папасы секілді жоғары мәртебелі тұлғалар қатысады. Алда өтетін алқалы жиынның ерекшелігі мен маңызы да осыда.

Дәулет Закарьянов, облыстық дін істері басқармасы жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі:

- Алғашқы съезді айтсақ онда 17-20 шақты мемлекеттен ғана делегация қатысқан болатын. Ал өткен съезде 50-ден аса мемлекеттен 100-ге таяу делегация қатысқан. Оның міне көріп отырмыз кеңейтілгенін. Үлкен проблемаларға қол ұстаса кірісіп, шешім жолын іздеу, оған белсенді қатысып, дүниежүзілік, әлемдік мәселелерді қарастырады.

Съездің үш жыл сайын Астанада өтуі тегін емес. Еліміз ғасырлар бойы Батыс пен Шығысты байланыстырып тұрған көпір іспеттес. Ал қазіргі мәртебесі одан да биік. Себебі әлемдік сарапшылар Қазақстанды түрлі наным-сенім тоғысқан қасиетті мекенге балап отыр.

Болат Сәрсенбаев, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы төрағасының кеңесшісі:

- Бұл съезд Қазақстанның бастамасымен жүзеге асып жатқан бірегей жиын деп айта аламыз. Еліміз қазір әлемнің алпауыт мемлекеттерімен иық тіресе дамып келе жатыр. Ал жаһандық деңгейдегі маңызды шараға диалог алаңын ұсынып, кез келген мәселеде қолдау көрсетуге қашан да әзір.

Қыркүйекте болатын Съездің тақырыбы «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» деп аталады. Оның аясында Съезд Хатшылығының отырысы, арнайы сессия, пленарлық отырыс және форум өткізу жоспарланған.

Альмира Оразбай