17-18 қыркүйекте Астанада «Діндер сұхбаты: болашақ үшін синергия» тақырыбымен Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі өтеді
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Индира Күнтуова айтулы шараның мән-маңызына тоқталды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Астана 2003 жылдан бастап жаһандық өзара әрекеттестіктің бірегей тәжірибесі туатын орынға айналды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері, саяси құрылымдардың өкілдері мен халықаралық ұйымдар әр үш жыл сайын осында жиналып, адамзат дамуының траекториясын айқындайтын мәселелерді талқылайды. Экстремизм, радикализм және діни төзімсіздікке жауап ретінде басталған съезд уақыт өте келе сенім мен сұхбат мәдениеті қалыптасатын беделді халықаралық алаң ретінде қалыптасты.
Съездің пайда болуы ХХІ ғасырдың басындағы жағдайлармен байланысты. Әлемдік қауымдастық діни ұрандармен бүркемеленген зорлық-зомбылықтың өсуімен, жаһандануымен, күшейген мәдени қақтығыстармен бетпе-бет келді. Осындай жағдайда бейбітшілік жолдарын іздеу жолында әр түрлі діндер мен мәдениет өкілдерін біріктіретін алаң қажет болды. Осыған сәйкес Қазақстан өзінің «гуманистік күн тәртібіне және саяси жауапкершілікке сүйенген діни сұхбат» моделін ұсынды.
Осы қағидаттардың негізі қаланып өткізілген I Съезд бейбітшілік пен келісімді адамзаттың ең жоғары мақсаты ретінде қарастырды. Алғашқы кездесудің басты міндеті дінді зорлық-зомбылықты ақтау құралы ретінде қолданудан бас тарту мен өзара құрмет құндылығын растауға негізделді.
Келесі кездесу араға үш жыл салып өткізілген еді. II Съезд жұмысына қатысқан көшбасшылар діндердің бейбітшілікті нығайтудағы және соғыстардың алдын алудағы рөліне тоқталып, тұрақтылықтың рухани негіздерін айқындады.
Әлемнің 35 елінен барлығы 400-ден аса делегат қатысқан келесі кездесуде тұрақты даму мен толеранттылық мәселелері басты назарда болды. III Съезд барысында діннің адамзатқа рухани жарық берумен қатар жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге көмектесуі тиіс екені айтылды.
2012 жылы IV Съезд қатысушылары үйлесімді әлем қалыптастырудағы діни лидерлердің рөлі мен олардың сенімді нығайтудағы, моральдық бағдар берудегі жауапкершілігін талқыласа, V Съезге қатысқан дін көшбасшылары адамның қадір-қасиетін қорғау мен адам құқықтары мәселелерін көтеріп, жаһандық шиеленістер жағдайында мәдениетаралық сұхбаттың маңыздылығын ерекше атап өтті.
2018 жылғы VI Съезде экстремизм мен терроризм мәселелері, сондай-ақ, діни құндылықтарды қорғау сұрақтары көтерілді. Кездесуде діни лидерлердің зорлық-зомбылыққа қарсы күресте одақтас бола отырып, кешенді түрде жұмыс істей алатынына баса назар аударылды.
VII Съездің күн тәртібі кеңейді: экономикалықтан экологиялыққа дейінгі жаһандық дағдарыстарды еңсеру мәселелері талқыланды. Ерекше назар көші-қон, климаттың өзгеруі және адам құқықтары мәселелерін шешудегі мемлекеттер мен діндердің бірлесіп жұмыс істеуіне аударылды.
2025 жылғы VIII Съезд 17-18 қыркүйекте Астанада «Діндер сұхбаты: болашақ үшін синергия» тақырыбымен өтеді. Оған алпыс елден жүзден астам делегация, соның ішінде қазіргі заманның аса ірі рухани лидерлері қатысады деп күтілуде. Бағдарламада жалпы отырыс қана емес, сонымен бірге діни нысандарды қорғау мен адам құқықтарынан бастап, экология, көші-қон және тең құқықтылық мәселелеріне дейінгі жаһандық сын-қатерлерге арналған тақырыптық секциялар болады. Алғаш рет Съезд аясында Жас діни лидерлер форумы өтеді. Мұнда жаңа буынды бейбітшілік пен толеранттылық сұхбатына тартуға басымдық беріледі. Күн тәртібіне бұл сұрақтардың енгізілуі Съездің болашаққа қарай дамып, тек кездесу алаңы ғана емес, ұзақ мерзімді жаһандық гуманитарлық стратегия қалыптастыру құралына айналып келе жатқанын көрсетеді.
Әр Съезд бейбітшілік пен ынтымаққа деген ортақ ұмтылысты бекітетін Декларация қабылдаумен аяқталады. Онда діни зорлық-зомбылықты тоқтатуға, адам қадір-қасиетін құрметтеуге, экстремизм мен терроризмге қарсы бірлескен күреске шақырулар айтылады. Мәселен, кезекті декларацияда: «Бейбітшілік – адамзаттың ең ұлы құндылығы, ол барлық діндер мен мәдениеттердің күш-жігерімен қорғалуы тиіс» деп жазылған. Мұндай тұжырымдар съезді символдық акт қана емес, нақты жұмсақ дипломатия құралына айналдырады.
Әлеуметтік-саяси талдау тұрғысынан Съезді «Біз» ұжымдық бірегейлігін қалыптастырудың үлгісі ретінде қарастыруға болады. Бұл идея қазақ философиялық дәстүрінде де тереңге тамыр жайған.
Солардың бастауында тұрған тұлғалардың бірі – Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактатында әділетті қоғам адамдардың ізгілік пен келісімге ұмтылысымен ғана орнайтынын жазды. Оның ойынша, адамзаттың шынайы дамуы үйлесім мен өзара құрметсіз мүмкін емес.
ХІХ ғасырдағы қазақтың ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлы да қара сөздерінде «Адам бол» деп үйретті. Абай үшін «Адам болу» тек жеке кемелдену емес, сонымен бірге ашықтыққа, құрметке және ортақ шындықты бірлесіп іздеуге дайындық еді. Бұл бағдарлар жаһандану басталғанға дейін-ақ айтылған, ал бүгінде олардың жүзеге асуы діндер мен мәдениеттер сұхбатынан көрініс тауып келеді.
Бұл ұстанымды әлем ойшылдары да өз еңбектерінде айтап кеткен еді. Мысалы, Карл Ясперс «Адам басқалармен кездесіп, араласқанда ғана өзін айқындайды» деген. Мұндай сарындағы кездесу Астанада орын алып отыр, бұл жерде әр түрлі дәстүр өкілдері бір-бірін тыңдап, түсінуді үйренеді, яғни бір-бірімен біріншілікке ие болу үшін жарыспайды. Ясперстің идеясы шынайы өзін-өзі тану басқаны мойындамай және құрметтемей мүмкін емес екенін көрсетеді. Сондықтан Съездің мәні дипломатиядан әлдеқайда асып түседі: ол мәдениеттер мен діндердің шынайы кездесуі үшін ортақ кеңістік қалыптастырады.
Юрген Хабермас та осы логикаға жақын ой айтқан еді. Ол «Шынайы келісім сыртқы қысымнан емес, еркін диалогтан туған кезде ғана мүмкін болады» деген еді. Бұл ой Съездің неліктен жаһандық өзара әрекеттестіктің бірегей үлгісіне айналғанын түсіндіреді: ол күшке де, үстемдікке де емес, түрлі тараптар қабылдайтын дәлелдерді ерікті іздеуге негізделген. Съезд Астанадағы коммуникативтік тәсілдің мәнін растайды: қақтығыстар мұнда күшпен емес, құрмет пен саналы келісім арқылы еңсеріледі.
Саяси тұрғыдан алып қарасақ, Съезд «жұмсақ күштің» үлгісі. Мұнда ел халықаралық беделін қарумен емес, сенім мен диалог арқылы нығайтады. Сонымен бірге оның ішкі қыры да маңызды: Қазақстан үшін Съезд толеранттылық пен ашықтық мәдениетін қалыптастыратын халықаралық маңызға ие жоба. Қазіргі заманда индивидуализм дағдарысы күшейіп, бөлшектену қаупі артқан кезде Съезд келісім мен ынтымақ мектебі ретінде көрінеді.
Съездің болашағы оның көкжиегінің кеңеюімен байланысты. Бүгінде үш бағыт талқылануда: цифрлық этика, жасанды интеллект және көші-қонды қамтитын тақырыптық күн тәртібін тереңдету; ғылым, мәдениет, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуын кеңейту; тұрақты халықаралық дінаралық және мәдениетаралық ынтымақтастық орталығы түрінде институцияландыру. Аталмыш бағыттардың әрқайсысы объективті қажеттілікті көрсетеді: әлем барған сайын өзара тәуелді болып барады, ал мұндай платформалар арқылы сенім орнатпай жаһандық сын-қатерлерді еңсеру мүмкін емес.
Осылайша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Астанада жаһандық саяси және гуманитарлық күн тәртібінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол тек диалог символы ғана емес, жаңа келісім мен сенім мәдениетін қалыптастырудың нақты құралы болып отыр. Әлемдік дағдарыстар жағдайында бұл Съезд адамзаттың қақтығысқа баламасы бар екенін көрсетеді, ол – диалог, өзара құрмет және ортақ болашақ үшін жауапкершілік. Қабылданған декларациялардың бірінде: «Бейбітшіліктің болашағы біз қаншалықты бір-бірімізді тыңдап, келісім жолдарын бірге іздеуге дайын екенімізге байланысты» делінген. Бұл сөздер жиырма жылдық жолдың қорытындысы әрі сенімге негізделген әлем құруды жалғастыруға шақыру болып естіледі.